Вернуться к списку статей

Мақсат Байжанов өздігінен ешкімге соқтығыспайды – Эдуард Глазунов

Футбол
1K
Мақсат Байжанов өздігінен ешкімге соқтығысатын адам емес – Эдуард Глазунов
Қызылордадағы шу тиылмай отыр. «Қайсардың» капитаны Мақсат Байжанов көршісін оңдырмай сабапты деген жаңалықты кейбір басылымдар мен телеарналар жерден жеті қоян тапқандай жарыса таратып жатыр.

Мақсаттың соққыға жығылған көршісі арызын қайтып алғанымен әзірге іс жабылған жоқ. Ресми шешім бір-екі күнде шығуы тиіс.

Әртүрлі ақпарат құралдарынан Мақсат Байжановтың және көршісі Гайдар Айдарбекұлының пікірін оқыдыңыздар. Енді «Қайсар» футбол клубының директоры Эдуард Глазуновтың да осы мәселеге қатысты ресми пікірін ұсынып отырмыз.

– Өкінішке қарай, Болар іс болды, өткенді қайта оралта алмайсың. Тек, бір ғана айтарым, Мақсат бұл жағдайда нағыз еркек, өз отбасының қамын ойлайтын отағасы ретінде әрекет етті. Ол өз отбасын қорғады. Оның орнында кез келген адам солай жасар еді. Байжановты өте жақсы білемін. Ол өздігінен жайдан-жай ондай нәрсеге бармайды. Мақсат – ұлттық құрамамыздың ойыншысы және Қызылорда футболына зор еңбек сіңірген футболшы ғана емес, қазір команданың лидері және алаң жиегінде де тәрбиелі, өнегелі тұлға. Бұл тұрмыстық түсініспеушіліктен орын алған жағдай тезірек реттеліп, дереу шешімін табады деген үміттемін. Қазір команда 28 мамыр күні өтетін Алматының «Қайратына» қарсы ойынға жоспарлы түрде дайындығын жүргізіп жатыр. Басқа да матчтардағыдай осы ойында да біз Мақсатқа үлкен сенім артамыз, - деді Эдуард Борисович.

Естеріңізге сала кетейік, 28 мамыр күні «Қайсар» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдаса, 3 маусымда түзде Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі. Одан кейін Мақсат Байжанов ұлттық құрамамыздың Талғардағы оқу-жаттығу жиынына аттанады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика