Жартылай финалдық ойындар «үйде және түзде» жүйесімен өтеді. Яғни бүгін Темуртауда бірінші кездесу өтті. Қарымта матч 21 маусымда Атырауда өтеді. Әзірше «Шахтер» – алда. Өз алаңында бір доп айырмасымен жеңіске жетті.
Бірінші таймда «Атыраудың» ойыншылары сылбыр қимылдады. Ойындары үйлеспей, ойлағандары жүзеге аспай қойды. Ал «Шахтердің» футболшылары сәл де болса, ширақтау көрінді. Тіпті ойынның басында бір гол соғып, алға шықты.
17-минутта серб Марко Станоевич алыстан шірене тартып, допты «Атыраудың» қақпасына дәлдеп тепті. Қонақтардың қақпашысы Андрей Пасеченко ышқына секіріп тойтарды-ақ. Бірақ Дәуренбек Тәжімбетов өзгелерден бұрын қимылдап, кері қайтқан допты қақпаға туралап тепті. Гол.
Екінші таймда «Атырау» қарқынын үдетіп, алаң иелерін өз қақпасының маңынан кері ығыстырды. Тіпті жиі шабуылдап, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ «Шахтердің» қорғанысы сыр бермеді. Әрі өздері де қапысын тауып, есепті еселеуге талпынып көрді. Алайда екі командаға да гол соғудың сәті түспей, есеп өзгерген жоқ.
«Шахтёр – Атырау – 1:0 (1:0)
Гол: Тәжімбетов, 17 (1:0).
Ескерту: Габышев, 64.
«Шахтёр»: Шацкий, Әлімбаев (Габышев, 58), Кадио, Скорых (к), Айегбуси, Зошак, Станоевич, Шахметов, Хайруллин (Стоянович, 76), Аллегриа (Тәттібаев, 66), Тәжімбетов.
Қосалқы құрам: Багинский, Орал, Өміртаев, Путинцев, Васильев, Мангуткин.
«Атырау»: Пасеченко (к), Мәжитов, Обшивач, Лобжанидзе, Коробов, Джокич, Қалмұратов, Саломов (Сүлей, 46), Максимович, Ли (Қайыраллиев, 29), Двалишвили (Родич, 77).
Қосалқы құрам: Қалменов, Эсатов, Нұрыбеков, Маров, Сапаров, Чичулин.
Төрешілер: Рахымбаев, Тергеусізов, Шабанов (бәрі де – Алматы).
24 мамыр. Теміртау, "Металлург" стадионы. 1000 көрермен.