Вернуться к списку статей

“Қайсар” клубының капитаны көршісін соққыға жыққан

Футбол
2K
Фото astanatv.kz сайтынан
Кеше кешкісін «ASTANA TV» телеарнасы "Қайсар" футбол клубының капитаны Мақсат Байжановқа байланысты келеңсіз оқиға жайлы ақпарат таратты...

Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының көшбасшысы көршісін соққыға жыққан. Бұл туралы арнамыздың тілшісіне жәбірленуші азамат айтып берді. Оның сөзінше, белгілі футболшы элиталы кешендегі көршілерімен көлік тұрағындағы орынға таласып қалған. ІІД өкілдері бұл жағдайдың тіркелгенін растап отыр.

Жергілікті футбол клубы үшін сенбілік кеш сәтті өтті. «Қайсар» қарағандылық «Шахтерді» 2:1 есебімен жеңді. Ал ізінше жергілікті команда капитаны Мақсат Байжанов көршісімен жанжалдасып қалған. Мұны жәбірленушілер айтып берді.

Спортшы өзі тұратын кешеннің бірінші қабатында орналасқан Гайдар Айдарұлының дүкенінің есігін қаққан. "Есікті ашқаным сол, футболшы мені соққының астына алды" – деді ол. Жанжалды көршілері телефонға түсіріп алған.

Гайдар Айдарұлы, жәбірленуші:

Тәртіп сақшылары оны ұстаған да жоқ. Менің өтінішімді қабылдамады. Куәгерлерден жауап та алынбады. Жыртылып, қан-жоса болған киімімді де тәркілемеді. Оқиға орнын куәландырмады. Мүмкін, ол өзін жұлдызбын, жауапқа тартылмаймын деп ойлайтын шығар.

Тұрғындардың айтуынша, текетірес автотұрақтағы орынға байланысты туындаған. Элиталық үйде 30-ға жуық отбасы тұрады. Көліктерін бос тұрған орындарға қойып үйренген. Бірақ, футболшының әйелі шағын алаңды сатып алғанын айтқан. Бұған келіспеген жұрт наразылығын ортақ чатқа жазады. Арасында Гайдар Айдарұлы да болған.

Раушан Байдалы, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Мақсат Байжанов маған «сен кімсің» деп айқайлады. Мен Раушанмын, көршіңмін дедім. Ол маған, а, сендер екенсіңдер ғой – қаралар деді. Сосын күйеуім екеумізді балағаттады. Оның деңгейіне дейін түскіміз келмеді. Төрт патрульдік көлік келді. Ешқайсысы хаттама толтырмады.

Дина Бердалиева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

– Жанжал олар орнатқан бастырмадан болды. Біріншіден, әйелі оны заңсыз орнатып алды. Көршілердің көбін ескертпеді де. Осыдан кейін біз жиналыс өткіздік. Екіншіден, қазірде көрші-қолаңның бәрі бұл қоршауды алып тастауды сұрап отыр.


Облыстық ішкі істер департаменті мұндай оқиғаның тіркелгенін растады. Қазір іс тергелуде дейді. 

Гүлжахан Қайырбергенова Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Аталған дерек 20 мамырда Қызылорда қалалық Ішкі істер департаментінің ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Спортшының өзінен сұқбат алу мүмкін болмады. Футболшының әйелі  оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып беруге уәде берген еді.  Алайда, байланысқа шықпай қойды. Облыстық спорт басқармасы да үнсіз. Бұл жағдайдың болашақта қалай өрбитінін бақылауда ұстайтын боламыз.

Шарипа Сақтапова, Әсемгүл Мұхитова

astanatv.kz

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика