Вернуться к списку статей

Қызықты деректер – Премьер-лигадағы әр команданың бір ерекшелігі

Футбол
2K
Доп қалды ортада...«Астана» – «Ертіс» – 2:0. Фото: fca.kz
Кеше Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында екінші айналым басталып, ХІІ турдың ойындары өтті. Бүгін біз әр команданың бір ерекшелігіне тоқталып өтсек деп едік.

Көш басында – сол бұрынғысынша, «Астана». Жетінші турдан бері бірінші орында тұр. Көшбасшылық мәртебесін “уысынан” шығарар емес. Басты бәсекелестерінен бір ойын кем өткізді. Әйтсе де, төрт-бес ұпай ұзап кетті. Әзірше, Қазақстан премьер-лигасында ең көп жеңіске жеткен команда – 8. Сондай-ақ ірі жеңістері ең көп команда – 4.

Екінші орынға «Ордабасы» орналасқан. Кейде құйын болып соғады, кейде кібіртіктеп қалады. Тұрақтылық жетіспейді. Төрт рет ұтылды. Үздік үштіктегі командаға мүлде аз емес. Әрі өз қақпасына допты аз жіберіп жүрген жоқ. Он үш ойында – 13 гол. Әйтсе де, аяқ алысы жаман емес. Жеті рет жеңіске жеті. «Атырау» болмаса, тең ойын дегеннің не екенін білмейтін де еді. Атыраулықтармен екі рет кездесіп, үйде де, түзде де тең түсті. Қалғандарын не ұтады, не ұтылады. Әрі Қазақстан премьер-лигасындағы легионері ең көп команда – 10 (9).

Үшінші орынды әзірше «Қайрат» еншілеп тұр. Астанада «Оқжетпестен» ұтылып қала жаздады. Әйтпесе, чемпиондық атақтан күдерін мүлде үзер де ме еді?! Бағы бар екен. Көкше клубының орталық қорғаушыларының бірі жарақаттанып қалып, бес минутта үш гол соқты. Биыл да шабуылы – жойқын. Бірақ қорғанысы сыр беріп жүр. Қақпашыларының да қапы қалып, жаза басқан сәттері аз емес. 13 ойында алаңға төрт қақпашы шығарып үлгерді. Осы матчтарда 16 гол жіберіп алды. Аз емес, әрине. Тіпті көп деуге болады. Қазақстан премьер-лигасында ең көп тең түскен команда – 7.

Төртінші орында «Тобыл» тұр. Қостанай клубына да тұрақтылық жетіспейді.  Азулы командалармен табан тіресе ойнап, жеңіп те кетуі мүмкін. Бірақ ортаңқол командалардан ұтылып қалып немесе тең түсіп, көп ұпай жоғалтып жүр. Қақпашысы – сенімді, қорғанысының топсасы – берік. Премьер-лигадағы көшбасшылардың ешқайсысынан ұтылған жоқ. «Астанамен» және «Қайратпен» тең түсті, ал «Ордабасыны» екі рет жеңді. Сондай-ақ, бір ойында өз қақпасына үш және одан да көп гол жібермеген жалғыз команда.

Бесінші орында – «Ертіс». Павлодар клубының негізгі құрамдағы ойыншыларының бір-екеуі қатардан шығып қалса, ойын өрнегі “ақсап” қалады. Қорғаушылары тәжірибелі жігіттер сияқты. Бірақ өз қақпаларына гол жібермеген ойындары – санаулы ғана. 13 ойында – 15 гол. Аз емес, әрине. Әзірше, Қазақстан премьер-лигасында бір ойынде ең көп гол соққан команда – 5 («Ертіс» – «Тараз» – 5:2).      

Алтыншы орында – «Қайсар». Биылғы ел біріншілігін өте жоғары қарқында бастады. Өте жанкешті команда. Тек «Астанадан» 0:3 есебімен ұтылды. Қалған ойындарда тек бір гол айырмасымен ұтылып жүр. Әрі жеңіске де тек бір доп айырмасымен жетіп жүр. Ең “жақсы көретін» есебі – 1:0. Бес ойыны осындай есеппен аяқталды. Үшеуінде ұтылып, екеуінде ұтты.

Жетінші орынға «Ақжайық» жайғасқан. Нағыз ортаңқол команда. Маусым басталғалы тек 6-8 орындар арасында тербеліп жүр. Екі рет 6-орынға көтеріліп, үш турдан кейін 8-орынға түсіп қалды. Қалған турлардан соң жетінші орынды меншіктеп, “тұрақтылық” танытып келеді. Қазақстан премьер-лигасында ескертуді ең көп алған команда – 30 (бір ойыншысы 5-турда екі рет ескерту алып, алаңнан қуылған).

Сегізінші орынды «Оқжетпес» иеленіп тұр. Орталық қорғаушыға – зәру, қорғанысы – осал команда. Қысылғанда, қорғанысының орта шебіне жартылай қорғаушыларын да, шабуылшысын да қояды. Бес минутта үш гол жіберіп алып, қолында тұрған жеңістен айырылып қалған ұжым. Қазақстан премьер-лигасындағы нағыз (ең) көшпенді команда. Маусым басталғалы үйдегі ойындарын өткізген стадиондарының саны – 4.    

Тоғызыншы орынға «Атырау» көтерілді. Тоғызыншы турға дейін жеңіс дегеннің не екенін білмеді. Есесіне, содан бері жеңілісті ұмытты. Үш рет жеңіп, бір рет тең түсті. «Астанамен» бір ұқсастығы бар. Турнир кестесінде әрі-берлі тербелген емес. Тек жоғары өрлеп келеді. Ел чемпионы 11-орыннан бірінші орынға шарықтаса, «Атырау» көш соңынан 9-сатыға көтерілді. Төрт рет тең түсті, бірақ 0:0 деген есепті білмейді (1:1, екі рет – 2:2 және 3:3). Әзірше, Қазақстан премьер-лигасында бас бапкерін ауыстырған жалғыз команда. Сондай-ақ, ел чемпионатын минустан бастаған жалғыз клуб...

Оныншы орынға «Тараз» табан тіреп тұр. Бұл команда премьер-лигаға “ғайыптан” қосылды. Әрине, сол себепті дайындығы ойдағыдай болмады. Құрамын да премьер-лигаға сай деңгейде жасақтап үлгермеді. Әйтсе де, тырысып жүр. Көш соңында емес. Әзірше Қазақстан премьер-лигасындағы ең аз гол соққан екі команданың бірі. Ал ең басты “ерекшелігі”, гол соға алмай кеткен ойындары өте көп команда – 6 матч. Сонымен қатар, алаңнан ойыншылары көп қуылған, қызыл қағазы ең көп команда – 3.

Он бірінші орынға «Шахтер» шырмалып тұр. Легионерлері гол соғуды білмейді десек те болады. 11 ойында соққан 11 голының біреуі ғана легионерінің еншісінде. «Қайраттың» қақпасына соғылған жалқы голдың авторы – бельгиялық Алессио Аллегриа. Сондай-ақ бір қорғаушысы өз қақпасына гол соғумен “көзге түсіп” жүр. Атап айтқанда, Сергей Скорыхтың еншісінде – 3 автогол.

Көш соңында – «Ақтөбе». Еліміздің бес дүркін чемпионы биыл 7-орыннан жоғары көтеріліп көрген емес. Әзірше, Қазақстан премьер-лигасында бас бапкерсіз жүрген жалғыз команда. Игорь Рахаевты қызметінен босатты. Жаңа бас бапкер әлі бекітілген жоқ. Бас бапкер міндетін уақытша Игорь Прохницкий атқарып жүр. Бір қызығы, Қазақстан премьер-лигасындағы өз алаңында әлі жеңіске жетіп көрмеген команда. 10 ойындағы жалқы жеңісіне ерке Ертіс жағасында қол жеткізген болатын.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика