Естеріңізге сала кетейік, 11-ші турда «Тараз» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдап, 26-шы минуттан бастап артық құрамда ойнаған болатын. Алайда, үзіліске бір минут қалғанда қақпаларына гол жіберіп алған. Бұл жолы бәрі керісінше болды. Бірінші таймның соңғы минутында Мақсат Байжанов айып соққысын тамаша орындап, «Қайсарды» алға шығарған. Одан кейін симуляциясы үшін 60-шы минутта Андрей Горбанец алаңнан қуылып, «Тараз» кем құрамда қалды. Ал арада тоғыз минут өткенде Мохаммед Диара таразы басын теңестірсе, тағы бес минуттан кейін Абзал Таубай қақпашының кеудесінен серпілген допқа бірінші болып жетіп, «Таразға» жеңісті жұлып әперді.
Жалпы, қазір қызылордалық жанкүйерлер екіұдай күйде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын ұзақ жыл басқарған Садық Мұстафаев қызмет ауыстырып, Алматыға қоныс аударғаннан кейін аймақтағы футболдың жағдайы қалай болар екен деп уайымдап жүргендер де аз емес. Бұл қызметке кімнің келетіні осы дүйсенбі күні белгілі болады дейді. Алайда, Қырымбек Көшербаев секілді әкімі тұрғанда аймақ футболы үшін қам жеудің қажеті жоқ шығар.
Қалай болған күнде де «Қайсардың» «Тараздан» ұтылуы бұл ауыс-түйіспен еш байланысты емес дегенге сенгіміз келеді. Олай дейтініміз, кездесудің бірінші бөлігінде алаң иелерінде гол соғатын қаншалықты тамаша мүмкіндіктер болса, қонақтар да соншалықты қауіпті сәттерді бірінен соң бірін ұйымдастырып жатты. Бір ғана Мақсат Байжановтың өзінде гол соғатын екі жүзпайыздық мүмкіндік болды. Сондай-ақ, Стефан Николич те «Қайсар» жанкүйерлерін әбден шаршатып бітті. Барлық ойынға қатысып келе жатқанына қарамастан осы күнге дейін бір ғана гол соққан, оның өзінде пенальтиден көзге түскен Николичке жанкүйерлердің өкпелері қара қазандай. Бірақ, әзірге оны алмастыратын шабуылшы «Қайсарда» табылмай тұр. Бәлкім, Елжас Алтынбековке жиірек сенім артқан дұрыс шығар.
Сонымен не керек, «Тараз» осы жеңістің арқасында турнир кестесінде «Атырауды» қуып жетті. Бірақ оларды келесі турда Алматыда «Қайрат» күтіп тұр. Ал «Қайсар» келесі аптада Қызылордада «Шахтерді» қабылдайды.
«Тараз» – «Қайсар» (Қызылорда) 2:1 (0:1)
Голдар: Байжанов, 45 (0:1). Диара, 69 (1:1). Таубай, 74 (2:1).
Ескертулер: Горбанец 55 – Курьор 37, Евстигнеев 90
Ойынның 60-шы минутында Горбанец алаңнан қуылды.
Тараз: Бабаханов, Диара, Фещук (Морис 66), Мухаметшин (Сейдахмет 56), Шипицин, Горбанец, Миюшкович, Шадманов, Зайнутдинов, Кургулин (к) (Таубай 18), Әмірханов
Резерв: Сатубалдин, Эргашев, Молтусинов, Нұралы, Қожамберды, Райымбек
Қайсар: Исламқұлов, Аржанов, Граф, Курьор, Ламанж, Николич (Көкеев 74), Байжанов (к), Евстигнеев, Коробкин (Алтынбеков 79), Нәрзілдаев, Чуреев (Жахаев 51)
Резерв: Григоренко, Горячий, Мулдаров, Сахалбаев
Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Шәріпов (Атырау), Субботин (Талдықорған)
Тараз қаласы. Орталық стадион, 5000 көрермен.