Вернуться к списку статей

Жатырқап “Оқжетпес” жеңісті – “Қайрат” бес минутта үш гол соқты

Футбол
2K
«Оқжетпес» – «Қайрат» – 2:3. Струков соққан бірінші гол. Фото: okzhetpes.kz
Қазақстан премьер-лигасындағы екінші айналым «Оқжетпес» пен «Қайрат» арасындағы кездесумен басталды.

Бұл ойында Алматы клубының капитан Бауыржан Исламхан алаңға шыққан жоқ. Өткен турда жарақататанып қалған. Исламхансыз «Қайраттың» ойыны мүлде жүрмеді. Қорғанысы мен шабуылы арасында байланыс үзілді.

Сонымен қатар, қай шепке қойса да, айылын бір тартпайтын Исламбек Қуат та бүгін жасыл алаңға шықпады. Сөйтіп, ұстараның жүзіндей лыпылдаған Исаэль мен оқтаулы мылтықтай “кезенген” Жерар Гоуға доп жеткізіп беретін ешкім болмады...

«Оқжетпес» те ойынның басында «Қайраттың» көсіле сілтеуіне мүмкіндік бермеді. Тіпті доп өздерінде көп ұстап, алматылықтарды біраз арлы-берлі жүгіртті. Тіпті есеп ашып, алға шықты. Голды өкшесімен Сергей Струков соқты.

«Оқжетпес» екінші таймды да өте сауатты бастады. Көп ұзамай, тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Тағы да Струков теңбіл допты қақпаға дөп түсіріп, шеберлік танытты. Алайда осыдан кейін Көкше клубының кежегесі кейін тартып, қорғаушылары үш рет оңбай қателесті.

«Қайрат» бес минуттың ішінде үш гол соғып, жеңісті жұлып алды. «Оқжетпестің» қорғаушылары осы уақыт аралығында асып-сасып, Алматы клубы футболшыларына өз қақпаларын дәлдеп, нысанаға алуға мүмкіндік беріп қойды.

Дәл осы ойында «Қайрат» жеңді дегеннен гөрі, «Оқжетпес» жеңістен айырылып қалды, деген дұрыс шығар. Екі доп айырмасымен алға шыққан Көкше клубы 70-минуттан кейін босаңсып, тым ерте тізгін тартып, опық жеді. Қарсыласы мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтін деңгейі жоғары команда екендігін ұмытқандай...

«Оқжетпес» – «Қайрат» – 2:3 (1:0) 

Голдар: Струков, 29 (1:0). Струков, 68 (2:0). Аршавин, 74 (2:1). Исаэль, 75 (2:2). Тұрысбек, 79 (2:3).

Ескертулер: Федин, 44 – Жуков, 42.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Куксин, Чертов, Марочкин (Дайыров, 64), Политыло, Юрин, Хорват, Федин (Досмағамбетов, 69), Нейн Еоне, Шафф, Струков (Козлов, 86).

Қосалқы құрам: Голубничий, Недашковский, Аяғанов, Әбілғазы, Сламбеков, Генков

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Элек, Ахметов, Вороговский, Бакаев, Жуков (Балтабаев, 90+3), Аршавин, Иличевич (Тұрысбек, 57), Исаэль, Гоу

Қосалқы құрам: Грубов, Қуантаев, Анене, Қасым, Әбікен

Төрешілер: Құмашев, Әубәкіров, Навроцкий (бәрі де – Астана)

14 мамыр. Астана. «Астана Арена» стадионы. 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика