Қызықты деректер
УЕФА 2015 жылғы қаржылық есептемесінде соңғы 20 жылда футбол клубтарының табысы өсіп келе жатқандығын айрықша атап өткен. Бүгінде Еуропа клубтарының жалпы пайдасы шамамен 17 миллиард еуро екен.
Еуропа футболында бұрын-соңды болмаған инвестиция деңгейі де байқалатын көрінеді. Мысалы, 2014-2017 жылдары 58 жаңа стадион пайдалануға берілген. Ал бұған дейінгі төрт жылдықта (2010-2013 жж) 23 стадион салынған екен.
Жалпы, бүгінгі таңдағы экономикалық дағдарыс кезінде Еуропа футболының пайда көріп, табыс табуына «қаржы фэйр-плейі» көп әсер еткен көрінеді. Мәселен, соңғы екі жылды операциялық жиынтық пайда 1,5 миллиард еуроға дейін өскен. Ал «қаржы фэйр-плейі» енгізілгенге дейінгі екі жылда шығын сомасы 700 милион еуроға дейін жеткен.
Жалпы, УЕФА-ның 130 беттік қаржылық есеп-қисабында көптеген қызықты деректер бар. Енді солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік:
- 2015/2016 жылдар маусымында Еуропа чемпионаттарының ойындарын 170 миллион көрермен стадионнан тамашалаған. Мұның 55 миллионы – Англия және Германия чемпионаттарының көрермендері.
- Дәл қазір Еуропаның топ-лигаларындағы 44 команданың қожайыны – шетелдіктер (18 мемлекеттен).
- Легионерлері ең көп чемпионат – Англия премьер лигасы (шамамен 70 пайызы шетелдік футболшылар).
- 28 мемлекетте командадағы футболшылар санына, ал 15 лигада ойыншыларды жалға беруге шектеу қойылған.
- Еуропадағы ең үздік 15 клуб демеушілік келісімдер мен жарнамадан 1,51 миллиард пайда көрген (148 %). Ал УЕФА құрамындағы елдердің ең жоғарғы дивизиондарында ойнайтын қалған 700 клубтың (шамамен, дөңгелетіп алынған) мұндай табыстары 453 миллион еуро «ғана» (17 %).
Жалақыны көп төлейміз...
УЕФА қаржылық есептемесінде әр елдің жоғары тобындағы клубтардың 2015/2016 жылдар маусымында футболшыларына қанша жалақы төлегендігі де есептеліп шығарылған.
Бұл ретте, Қазақстан премьер-лигасында футболшыларға 104 миллион еуро жалақы төленген. Сонда орта есеппен әрбір клубымыз 8,7 миллион еуроны жалақы төлеуге жұмсайды. Бұл көрсеткіш жағынан біз Еуропада 13-орында екенбіз.
Көш басында – Англия премьер-лигасы (2,69 миллиард еуро). Жалпы, біздің алдымыздағы елдер – Германия, Италия, Испания, Франция, Ресей, Түркия, Нидерланды, Швейцария, Бельгия, Потугалия, Австрия.
Десек те, Қазақстан премьер-лигасының клубтары жалақыға көп қаржы жұмсайды екен. Мысалы, біздің клубтарымыз жалпы кірістерінің 78%-ын футболшыларының жалақысына төлейді.
Бұл тұрғыда, тек Түркия ғана бізден асып түскен. Түрік ағайындарымыз жалпы кірістерінің 80%-ын жалақы төлеуге жұмсапты. Ал Ағылшын премьер-лигасы – 61%, Бундеслига – 52%, А сериясы – 69%, Ла-лига – 60%...