2016 жыл. Шілденің шіліңгір ыстығы. Өз алаңында «Тараздан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейінгі фанаттермен болған кездесу болатын. Шымкенттің Қажымұқан атындағы Орталық стадионында жанкүйерлердің қыспағында қалған Бақтияр Байсейітов жалынды сөздерін айтуда. Бірақ, тыңдап жатқан ешкім жоқ. Оқта-текте «Бақтияр, кет!» деген ұрандарды да естіп қаласың. Ақыры болмаған соң «егер осы чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік үштікке ене алмасақ, мен командадан кетемін» деді. Осыған келісіп, тарқасты. Алайда қола жүлдеге қол жетпеді, «Ордабасы» маусымды төртінші орында аяқтады. Жанкүйерлер бас бапкердің жауабын күтті. Енді кететін шығар деп үміттенді. Дегенмен, Байсейітовтің кететін ойы да жоқ еді. Керісінше соңғы турдан кейінгі баспасөз мәслихатында сұрағандарға үш жылдық келісімшарты бар екенін естеріне салды. Салдары суға кеткен жанкүйерлердің көнуден басқа амалдары қалмады. Енді міне, ол жай ғана бас бапкер емес, клуб президенті қызметіне де тағайындалды. Бұдан былай Байсейітов жай ғана «Бәке» емес, Бақтияр Даниярұлы. Екі қызметті де қатар атқармақ. Бірақ, қалай?
Бақтияр Байсейітовтің бапкерлік тәжірибесінде мұндай жағдай кездескен. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы футбол маусымы болатын. «Қайратқа» кіл мықтылыр жиналған. Ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген алматылықтардың бас бапкері болып Бақтияр Байсейітов тағайындалды. Қырыққа да толмаған кезі. Кей кезде өзі де алаңға шығып кете беретін. Ал көмекішісі – Құрбан Бердыев. Сол кездерде стадионнан репортаждар жасаған әріптес ағаларымыздың айтуынша, жаттығу процесстерінің барлығын Құрбан Бекиевич жүргізеді екен. Байсейітов негізінен әкімшілік-шаруашылық жұмыстарға жауап беріпті. Сол жылы Бақтияр Даниярұлы Қазақстан ұлттық құрамасын да жаттықтырды. Бапкер болып жүріп алаңға шыға беретінін де айттық қой. Солтүстік Кореядағы Қазақстан – Ливан ұлттық құрамалары арасындағы матч еді. Жерлестеріміз қанша шабуылдап жатқанымен доп қарсылас қақпаға дарымай қойды. Шыдай алмаған Байсейітов 60-шы минутта Асқар Әбілдаевтың орнына алаңға өзін шығарды. Сөйтті де 78-ші минутта жеңіс голын соқты.
Иә, Байсейітовтің екі қызметті қатар алып жүре алатын қабілетіне тоқталдық. Дегенмен, клубты басқару мен бас бапкерлікті қатар алып жүру бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бөлек қызмет және екі есе энергия мен күшті талап етеді. Әлбетте, былтырлары да «Ордабасының» бас бапкері болғанымен басшылық шаруаларға да араласа беретін. Оған біз өткен жылы «Ақтөбемен» болған ойыннан кейінгі «телефон әңгімесінде» көз жеткіздік. Бас бапкер ретінде «Ордабасыны» ұшпаққа шығара алмаған Бақтияр Даниярұлы «тіл тапқыш» функционер бола алатын сол кезде көрдік. Керек кезде қарсы командамен де «келіссөздер жүргізіп», төрешілердің де тілін таба білетінін естіп жүрміз. Облыс басшылығы да оның осы қабілеттерін ескеріп, президенттік орындықты ұсынған болар.
Сонымен, биыл «Ордабасыға» 3 млрд. теңге бөлінді деп естідік. Оның ендігі мақсаты – бюджеттегі сол қаржыны команданың игілігіне жаратып, футболшылардың жаттығуына жақса жағдай жасау болуы тиіс. Ал жаттығу процессінің барлығын Андрей Ферапонтовқа сеніп тапсырсын. Сол үшін аттай қалап «Оқжетпестен» шақырды ғой. Ферапонтов та Шымкентке сол үшін келген болуы керек. Әйтпесе, көкшетаулық командада да бас бапкердің көмекшісі болып, Владимир Мухановтың қасында жүрді емес пе?! Тек жұмысына кедергі жасамай, шаруасына араласпаса екен дейміз.
Ал әзірге "Ордабасы" Шымкенттегі оқу-жаттығу жиынында екі жолдастық-бақылау кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліп үлгерді. Алдымен Бельгияның "Беерсхот" жартылай әуесқой командасынан 0:1 есебімен ұтылса, одан кейін Албанияның "Люфтетари Гирокастра" командасынан 3:4 есебімен жеңілді. Голдарды Самат Смақов, Ренат Абдулин және Қайрат Әшірбеков соқты. Енді 15 қаңтар күні Бакудің "Интерімен" және 19 қаңтарда Әзірбайжанның тағы бір клубы "Габаламен" кездеседі.