Вернуться к списку статей

Бірінші айналымды Атырауда аяқтау – өте қауіпті! “Қайрат” та 11-турда ұтылды

Футбол
2K
«Атырау» – «Қайрат» – 2:1. Фото: fckairat.com
10 тур бойы жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген «Қайрат» Атырауда ұтылды. Бұл – алматылықтардың биылғы маусымдағы алғашқы жеңілісі.

Былтыр «Астана» да 10 тур бойы жеңілістің не екенін білмей, бірінші айналымдағы соңғы ойынын Атырауда өткізіп, жергілікті футбол клубынан 0:1 есебімен ұтылып қалған болатын. Биыл «Қайрат» та асау Жайық жағасында биылғы маусымдағы алғаш рет ұтылды.

Иә, бірінші айналымды Атырауда тәмамдау қауіпті болып тұр. Міне, екі жыл болды, айбынды «Астана» да, қаһарлы «Қайрат» та 10 ойын бойы ешбір клубтан жеңілмей, 11-шісінде мұнайлы өлкеден мұңайып қайтты.

Жалпы, «Атыраудың» «Астана» мен «Қайратты» 11-турда алма-кезек “жайратып” жүргеніне екі жыл емес, бақандай төрт жыл болды. 2015 жылы алматылықтарды тіпті Алатау бөктерінде жеңіп кеткен:

2017 жыл, ХІ-тур: «Атырау» – «Қайрат» – 2:1

2016 жыл, ХІ-тур: «Атырау» – «Астана» – 1:0

2015 жыл, ХІ-тур: «Қайрат» – «Атырау» – 0:1

2014 жыл, ХІ-тур: «Атырау» – «Астана» – 1:0

Бүгін «Қайраттың» ойыны жүрмеді. Бас бапкері Кахабер Цхададзе «мұндай алаңда футбол ойнауға болмайды» депті. Әрине, Алматы клубының техникалық шеберліктері жоғары ойыншылары сапасы нашар алаңда көсіле сілтей алмаған да болар.

Десек те, «Қайраттың» қас шеберлері өткен турдағы «Астанамен» болған матчта титықтап қалған ба, әлде жол соғып, шаршап барған ба, белгісіз. Әйтеуір аса жоғары жылдамдықта зыр қаға алмады. Бұл ретте, қайратты қонақтарына дес бермеген «Атыраудың» жанкешті жігіттерін айрықша атай кетуге тиіспіз.   

Бірінші голды «Қайраттың» қорғаушысы қапелімде өз қақпасына соғып алды. Доп ойынға бұрыштан қосылып, оны теуіп жібермек болып, өз қақпасының торын бүлк еткізді. Осындай тосын “сыйдың” арқасында «Атырау» алға шықты.

Екіншісін сегіз ойын бойы гол соға алмай жүрген шабуылшысы соқты. Шавкат Саломовтың әуелетіп тепкен добын Владимир Двалишвили басымен сілкіп, қақпаға дәл түсірді. Онымен иық қағыса қатар жүгірген Арзо Ампоста жығылып қалды. Өз аяғына шалынып па, әлде грузин шабуылшысына ілесе алмай ма, белгісіз. Төреші кірпік қақпады, тым алыста да тұрған жоқ еді.      

«Атырау» бұдан кейін де тізгін тартқан жоқ. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Ал матч соңында «Қайрат» қамшыны басты. Алаң иелерін қыспаққа алып, Бауыржан Тұрысбек есепті қысқартты. Одан әріге уақыт та, «Қайраттың» шамасы да жетпеді.    

«Атырау» – «Қайрат» – 2:1 (1:0)

Голдар: Вороговский, 26-автогол (1:0). Двалишвили, 49 (2:0). Тұрысбек, 90+6 (2:1).

Ескертулер: Әбдірахманов, 66. Қайыраллиев, 86. Максимович, 90 – Қуат, 49. Исаэль, 61.

«Атырау»: Пасеченко, Әбдірахманов, Обшивач, Лобжанидзе, Коробов, Джокич, Қайыраллиев (Сапаров, 90+3), Максимович, Саломов (Сүлей, 76), Хайруллин (к), Двалишвили.

Қосалқы құрам: Қаленов, Родич, Мәжитов, Қалмұратов, Нұрыбеков, Ли, Маров

«Қайрат»: Плотников, Вороговский (Иличевич, 64), Ахметов, Арзо Ампоста, Сүйімбаев, Қуат, Жуков (Анене, 46), Исаэль, Исламхан (к), Аршавин (Тұрысбек, 79), Гоу.

Қосалқы құрам: Грубов, Қуантаев, Бакаев, Балтабаев, Әбікен

Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Панин (Қостанай), Филипчук (Шымкент)

06 мамыр. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 3 500 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика