«Атыраудың» айдарынан жел есе бастады. Алты ұпайын қайтарып алғалы, екінші рет қатарынан жеңіске жетіп отыр. Сөйтіп, 10-орынға көтерілді. Ал Новица Максимович соңғы екі турда гол соғып, атыраулықтардың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.
«Қайсар» керісінше, кежегесі кері тартып барады. Үш рет қатар ұтылды. Үш ойында да гол соға алмады. Соңғы бес турда төрт рет жеңіліп қалды. Жеңісті ұмытқандарына жеті тур болды. Сырғи-сырғи 7-орынға табан тіреді.
Бір қызығы, соңғы екі турда «Қайсардың» қақпашылары қарсыластарының шабуылшыларын шалып жығып, жазаға тартылып отыр. Өткен турда Исламқұлов алаңнан қуылса, бұл жолы Григоренко сары қағазбен құтылды. Бірақ екі ойында да Қызылорда клубының қақпасына пенальти берілді...
Өздеріңіз білесіздер, «Қайсардың» қазіргі бас бапкері Стойчо Младенов былтыр «Атырауды» жаттықтырған. Бұл команданы жақсы білсе керек еді. Бірақ ұтылды. Ал «Атыраудың» жаңа бас бапкері Сергей Павлов екінші рет қатарынан жанкүйерлерін қуантып отыр.
«Атырау» – «Қайсар» – 1:0 (0:0)
Гол: Максимович, 49-пенальтиден.
Ескертулер: Қайыраллиев, 90+4 – Граф, 78. Чуреев, 89.
«Атырау»: Пасеченко, Чичулин (Коробов, 65), Лобжанидзе, Обшивач, Әбдірахманов, Джокич, Саломов (Қайыраллиев, 68), Максимович, Сүлей, Хайруллин (к), Двалишвили (Ли, 73).
Қосалқы құрам: Жомартов, Мәжитов, Қалмұратов, Нұрыбеков, Маров, Сапаров.
«Қайсар»: Григоренко, Чуреев, Ламанж, Граф, Евстигнеев, Камара (Көкеев, 75), Коробкин (Нарзілдаев, 51), Аржанов, Байжанов (к), Сақалбаев (Курьор, 52), Николич.
Қосалқы құрам: Цирин, Алтаев, Алтынбеков, Горячий, Мулдаров, Жақаев
Төрешілер: Искаков, Навроцкий (екеуі де – Астана), Қошқаров (Алматы)
02 мамыр. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 2 500 көрермен