Жұмасқалиев «Алтай» сапында көсіле сілтей ала ма?
Нұрбол Жұмасқалиев Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Алтай» клубына қосылыпты. Өзі бұл жөнінде:
– Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшақ қатынасы уақытша қиындап кетсе де (Стамбул әуежайында арты қарға ұласқан жаңбыр мен тұманның салдарынан жүздеген рейстер кейінге шегерілді), «Алтай» ФК бірінші оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін мен Аланьяға жеттім. Өте қуаныштымын, өзім бұрыннан және жақсы білетін адамдармен бірге жұмыс жасау мүмкіндігі туындады, – депті.
Мамыр айының бірінші жартысында 36-ға толатын футболшы былтыр «Тобыл» клубы сапында 27 ойын өткізіп, төрт гол соққан. Алайда маусым аяқталған соң Қостанай командасы сапынан кетуге мәжбүр болды. Енді өз бағын «Алтай» клубы сапында сынап көреді.
Бөлешев «Ордабасы» құрамында 100-інші голын соға ма?
Соңғы деректерге сенсек, Әлібек Бөлешев оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ордабасы» клубының сапына барып қосылған. Бірақ Шымкент клубы бұл жөнінде ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ...
Сәуірдің басында 36-ға толатын шабуылшы 2009 жылы «Ордабасы» сапында ойнап, алты ойын өткізіп, екі гол соққан. Бүгінде Әлібекке керегі тағы да тура сондай екі доп болып тұр. Бұлай дейтін себебіміз, Бөлешев Қазақстан премьер-лигасында 315 матч өткізіп, 98 гол соқты.
Әрине, Әлібектің голдарының санын 100-ге жеткізгісі келеді-ақ. Былтыр «Оқжетпес» сапында 23 ойын өткізіп, алты гол соқты. Бірақ, көбінесе әріптестерінің біреуінің орнына шығып, не болмаса өзін басқа ойыншы алмастырып, 90 минут толық ойнаған жоқ десек те болады.
Кім біледі, Бөлешев биыл Қазақстан премьер-лигасындағы 100-інші добын да соғып қалар. «Ордабасы» клубындағы Александр Гейнрих соғып жүрген пенальтилерді Әлібек те соға алар еді, әттең... Бірақ оны біз емес, Шымкент клубының бапкерлері шешеді. Ал біз Бөлешевтің бағы мен бабы қатар шабуына тілектеспіз.