Есімі жалпақ жұртқа мәлім бапкер Владимир Никитенко Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып бекітіліпті. Енді жас таланттарымызды 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне дайындайды екер.
Осы ретте айта кетейік, 26 қаңтар күні Швейцарияның Ньон қаласында 2019 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің жеребесі тартылады. Бұйыртса, екі аптаға да жетпейтін уақыттан кейін жастарымыздың қарсыластары да анықталады.
Ал Никитенконың жұмыс өтіліне атүсті тоқталар болсақ, Владимир Андреевич бапкерлік қызметін 1990 жылы бастаған. Ол көптеген қазақстандық клубтарда еңбек етіп, тәжірибесін толыстыра түскен.
Жетістіктерін жіпке тізер болсақ, 1993 жылы Владимир Никитенко Алматының «Достық» командасымен алғаш рет Қазақстан кубогының иегері атанды.
1995 жылы Семейдің «Елімай» командасымен “хет-трик” жасап, теңдесіз шықты. Қазақстан чемпионатын, кубогын және суперкубогын жеңіп алды.
1997 жылы Алматының «Қайратымен» ел чемпионатының қола жүлдесін және Қазақстан кубогын иеленді. 1999 жылы «Қайрат-Бутя» командасымен де үшінші орынға ие болды.
2001-2002 жылдары «Атырау» командасымен Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды.
2004 жылы Ресейдің «Терек» командасында аға жаттықтырушы болып, көрші елдің Бірінші дивизионның жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Ресей кубогын жеңіп алды.
2013 жылы «Ақтөбе» командасымен чемпион атанып, 2014 жылы Қазақстан суперкубогында жеңіске жетті.
Бапкерлік қызметі еш болған жоқ. 30-дан астам спорт шеберін баптап шығарды. 20-дан астам шәкірті әр жас шамасындағы Қазақстан (жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар, олимпиадалық, ұлттық) құрамаларының сапында ойнады.
2014-2016 жылдыра «Атырау» клубының бас бапкері болды. Ал бұған дейін Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін Вахид Масудов атқарып келген болатын. Енді Владимир Никитенко жаттықтырады. Тәжірибесі молырақ маманға сенім артылып отыр.