Бұл ойынды Словакия жастары ширақ бастады. Бірден атойлап алға шапты. Әу баста біздің ойыншылар қарсыластарының қақпасына маңайлай алмай қойды. Ең бірінші шабуылды матчтың 17-минутында ғана ұйымдастырудың сәті түсті.
Әйтсе де, қорғаныста мұқият ойнап, Словакия жеткіншектерінің шабуылдарын тойтарумен болды. Бірақ қарсы шабуылдарымен, қарсыластарының да қорғанысын жиі-жиі піспектеп, көсіле сілтеулеріне мүмкіндік бермеді.
Екінші таймда да ойын өрісі айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Доп додасы негізінен орталық алаң мен біздің қақпаға жақындау маңда өрбіді. Жас футболшыларымыз қарсы шабуылдарға иек артып, Словакия қорғаушыларының екі аяқтарын бір етіккке тығып отырды.
Шабуыл өтіндегі жалғыз шабуылшымызды (басында Сейідахметті, одан кейін Скворцовты) Словакия жеткіншектері үшеулеп қаумалап, тұсаулап ұстады. Әйтсе де, гол соғатын мүмкіндіктер болды. Біздің бозбалаларымыздың ғана емес, қарсыластарымыздың да есеп ашатын оңтайлы сәттері болды-ақ.
Бірақ бірде қақпашылар қас шеберлік танытса, қайсыбірінде қорғаушылар өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. Енді бір ойын сәттерінде шабуылшылар мүлт кетіп, абдырып қалып немесе дер кезінде допты серіктеріне бере қоймай, жаза басты.
Осылай, ойын 0:0 есебімен аяқталды. Төреші ысқырық шалған бетте Словакия ойыншылары сылқ етіп, тұрған жерлеріне отыра кетті. Бастары төмен түсіп кеткен. Яғни олар тең түскендеріне риза емес. Екі ұпай жоғалтқандарына іштері күйетін сияқты.
Ал біздің құрама үшін Гранаткин турнирі аса сәтті болмаса да, жаман басталмаған сияқты. Ең бастысы, ұтылған жоқ. Бір-біріне пас беруде мұқият болса, шабуылдарының бәрі бірдей аяқсыз қалмас та ма еді? Санкт-Петербордағы өрендеріміз әрбір ойын сайын жетіле түседі деген үміттеміз.
Айтпақшы, осы матчтың алдында «С» тобындағы бірінші ойын өткен. Онда Литва бозбалалары Әзірбайжаннан келген құрдастарын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, осы топта әзірше көш бастап тұр. Біздің өрендеріміз енді (11 қаңтарда) “жаралы” Әзірбайжан құрамасымен кездеседі...
Қазақстан U19 – Словакия U19 – 0:0
Қазақстан U19: Устименко, Аманжол, Қашкен, Кузнецов, Кусяпов, Жақсылық (Усачев, 89), Кан (Тұрсынбай, 89), Орал, Пайруз (Астанов, 65), Сүйінов (Тұзақбаев, 84), Сейдахмет (Скворцов, 65; Құдайбердінов, 89).
Словакия U19: Валах, Дуцар, Мрва (Вашко, 46), Флак, Шпирияк, Бедяч, Римарэнко (Мадленяк, 46), Слука, Филинский (Кудлишка, 80), Шпирка (Вициан, 80), Боженик (Кружлияк, 80).
Төрешілер: Амелин, Кужелев, Никитин, Тихонов (барлығы да – Ресей).
9 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург, 300 жанкүйер.
Литва U19 – Әзірбайжан U19 – 2:1
Голдар: Пауликас, 44 (1:0). Оксуз, 53 (1:1). Уткус, 58 (2:1).