Тек қана неміс тілі...
Ғаламтордан осы мақаланы оқып, қатты қызықтым. Ули Хенесс «ынта болса, неміс тілін тез үйреніп алуға болады» деп, футболшыларына команданың бас бапкері Карло Анчелоттиді мысалға келтірген. Италия маманы «Бавария» тізгіні қолына тиетін болған бетте-ақ, тіл үйренген.
– Киім ауыстыратын бөлмеде тек неміс тілінде сөйлесу керек. Тіл – байланыстырушы элемент. Әйтпесе, топ-топ бөлшектену белең алады. Сондықтан бәрі де неміс тілін үйренулері керек. Бұл – бұлтартпас ереже болуы шарт. Тіл білмейтіндер айыппұл төлесін, – деп Ули Хенесс мәселені төтесінен қойған.
Германияның bild.de басылымы тіпті «Бавария» сапындағы легионерлердің неміс тілін қандай деңгейде білетіндіктерін жариялаған. Бұл ретте Нидерланды саңлағы Арьен Роббенге тең келер ешкім жоқ көрінеді. Одан кейін – Роберт Левандовски (Польша) және Карло Анчелотти (Италия).
Келісімшарттағы талаптың бірі – тіл үйрену...
Еуропаның кейбір клубтарында шетелдік футболшылардың жергілікті ресми тілді үйреніп алуына уақыт беріледі. Бұл тіпті футболшы мен клуб арасындағы келісімшартта тайға таңба басқандай етіліп көрсетіледі. Әйтпесе, айыппұл төлеп, жазаға тартылады.
Өздеріңіз білесіздер, Украина құрамасының жартылай қорғаушысы Евгений Коноплянкаға испан тілін білмегені "Севилья" клубына кірігіп кете алмады. Естеріңізде ме, келісімшартта көрсетілген мерзімде испан тілін үйреніп алмағаны үшін жазаға тартылып, айыппұл салынатындығы әжептәуір “шу” болған. Ақыры ол немістің «Шальке-04» клубына жалға берілді...
Бізде бәрі – орысша
Ал бізде бәрі – орысша. Қазақстандағы футбол клубтарының барлығының дерлік ресми сайттары орыс тілінде жүргізіледі. Бұл сөздерімзге көз жеткізгілеріңіз келсе, барлық командаларымыздың ресми сайттарын ашып көріңіздер.
Рас, олардың қазақша бөлімдері де бар. Бірақ қазақшасы орысшадан қалып қойған. Бәрі – аударма. Орыс тілінен аударылып басылады. Тіпті Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайттарындағы кейбір сөздерді түсіну үшін... амалсыз орыс тіліндегі мәтінене үңілеміз. Өйткені түпнұсқасы – сол.
Маусым барысында әрбір тур сайынғы, кезекті матчқа арналып шығарылатын анықтамалық-бағдарламалық жұқа кітапшаларын (“програмканы”) да тек орыс тілінде шығаратын командаларымыз жетіп артылады. Мұқабасында ойын өтетін күн қазақ тілінде жазылса, соған да «шүкір» деуге мәжбүр боласың...
Алда-жалда стадиондағы диктор қазақ тілінде сөйлей қалса, жерден жеті қоян тапқандай мәз боламыз. УЕФА талабына сай, былтыр күз Астанада өткен Еуропа лигасы аясындағы матчтарда ақпараттардың бәрі бірінші қазақ тілінде жарияланды. Несін айтасыз, қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады ғой...
Ал егер үзіліс кезінде қазақша ән шырқалып, күмбірлеген домбыраның үні шықса... аспанға бөркімізді атып, мәз-мейрам боламыз. «Тым болмаса, қазақша әуендер неге шырқалмайды» деп түңілеміз. Әр матч сайын стадион трибуналарын көзбен сүзіп шықсаңыз, көрермендердің басым көпшілігі – қазақтар. Алайда ақпарат та, музыка да – өзге тілдерде...
Түйін
Сіз қандай бақыттысыз, Хенесс мырза! Футболшылардың киім ауыстыратын бөлмеден аракідік француз және португал тілдерін естіп қалғаныңызға қапаланасыз. Тек неміс тілі естілсін дейсіз... Ал біздегі киім ауыстыратын бөлмелер тек орысша сайрап тұр. Ара-тұра ағылшын тілі де естіліп қалады...