«Қайраттың» тәжірибелі екі қақпашысы да жарақаттанып қалған. Рас, Плотников айығып та қалған сияқты. Бірақ «Астанамен» өтетін маңызды матч алдында алматылықтар тәуекелге бел бумай, оны қосалқы құрам орындығында “тұсаулап” ұстап отырды. Ал бұл жолы қақпаға Павлодарда екі гол жіберіп алған В.Грошев емес, одан екі жас кіші О.Грубов тұрды.
Орталық қорғаушыларының бірі, нақтырақ айтқанда, Арзо Ампоста ерке Ертіс жағасындағы ойында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған. Ал Жарко Маркович төртінші рет ескерту алған. Яғни бұл матчта екеуінің де алаңға шығуға құқықтары жоқ болатын.
Бұл екеуінің орнын бүгін Елдос Ахметов пен Акош Элек басты. Екеуіне қорғанысқа тірек болар шептегі Исламбек Қуат көп көмектесті. Ал «Ақжайық» осының бәрін біле тұра, «Қайраттың» орталық қорғынысын бұзып өте алмады.
«Қайраттың» осал тұсын “басып”, қыспаққа алған былай тұрсын, тізелері “дірілдеп”, алға шығудан қалды. Себеп, ойын басталған бетте Бауыржан Исламхан алыстан шірене тартып, Төлебаев қорғаған қақпа торын “жырта” жаздады. Осы гол Орал командасын “нокдаунға” түсірді...
Жарты сағаттан кейін Гоу есепті еселеді. Ал екінші тайм басталғанда Исламхан тағы да «Ақжайықты» есеңгіретті. Бұрыштама соққысын орындап, допты шиіре теуіп, «Ақжайық» ойыншылары мен қақпашысын әбден састырды. Асып-сасып жүгіріп, оны өздері соға салды. Әрине, допқа қарай тұра ұмтылған Исламбек Қуат та оларды әбігерге түсірді...
Көп ұзамай, «Қайрат» төртінші голын соқты. Ал «Ақжайық» матч соңында бір гол соғып, есепті сәл де болса қысқартқан болды. Сонымен не керек, «Қайраттың» жас қақпашысы мен “жаңа” орталық қорғаушыларының әлеуеттерін толық байқаудың қисыны келмеді.
«Қайрат» – «Ақжайық» – 4:1 (2:0)
Голдар: Исламхан, 2 (1:0). Гоу, 32 (2:0). Валиуллин, 48-автогол (3:0). Сүйімбаев, 58 (4:0). Валиуллин, 82 (4:1).
Ескерту: Бакаев, 81.
«Қайрат»: Грубов, Вороговский, Ахметов, Элек, Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Иличевич (Бакаев, 70), Исаэль (Тұрысбек, 63), Исламхан (к) (Әбікен, 87), Гоу.
Қосалқы құрам: Плотников, Грошев, Анене, Қуантаев, Балтабаев, Аршавин
«Ақжайық»: Төлебаев, Ерсәлімов, Николич, Одибе (к), Шмидт, Заречный (Тапалов 75), Валиуллин, Шабаев, Ортиз, Изу (Сергиенко, 82), Аренас Дельгадо (Перцух, 62).
Қосалқы құрам: Котляр, Рубио, Антипов, Чулагов, Омаров, Макаев
Төрешілер: Сахи, Айжігітов, Жақсылық (бәрі де – Қызылорда)
29 сәуір. Алматы. «Орталық» стадион. 7 000 көрермен