Вернуться к списку статей

“Тобыл” мен “Ертіс” ұпай бөлісті...

Футбол
2K
«Тобыл» – «Ертіс» – 0:0. Фото: fctobol.kz
Жүлдеден үмітті «Тобыл» мен «Ертістің» жолдары ХІ турда түйісіп, екеуі бір-бірінен айласын асыра алмады.

Ойын өте тартысты өтті. Бірінші таймда қонақтар басымдау болды. Жиі шабуылдады. Бірақ «Тобыл» орталық шептегі қорғаушылары мен қорғанысқа тірек болар тәжірибелі ойыншыларының бәрін де алаңға шығарған екен, дес бермеді.

Негізінен, «Ертістің» шабуылын қақпашы Непогодовқа жеткізбей, тойтарып отырды. Қысқасы, қорғанысына “тіс” батпады... Өздері де қауіпті шабуыл ұйымдастырып отырды. Өткен турда өзекті өртер үш гол жіберіп алған Лория да бүгін жанын салды. «Тобылдың» бірнеше соққысына тосқауыл бола білді.

Тартысты ойын тең аяқталды. Бірақ «Ертістің» ойыны өрнекті көрінді. Шабуылдары да қауіптірек болды. Бұл ел чемпионатының бір (қола) жүлдесінен үмітті екі команда арасындағы маңызды ойын болатын. Қайсысы екі ұпай жоғалтып, қайсысы екі ұпай олжалады – оны дөп басып айту қиын...

Матчтан кейін «Тобыл» бапкерлері «бізге бүгін 14 ойыншы қарсы ойнады» деп, төрешілерге деген өкпе-наздарын жасырмай айтып салды. Реті келгенде айта кетейік, ойынның бас төрешісі Болат Кәрлібаев екінші таймда Димитар Димитровты алаңнан аластатқан болатын.

«Тобыл» – «Ертіс» – 0:0

Ескертулер: Сартаков, 43 – Дарабаев, 74. Калинин, 83.

«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Кассай, Малый, Дмитренко (Джалилов, 71), Главина, Мухутдинов (к), Жулпа, Жақыпов, Жаңғылышбай (Молдақараев, 60), Деспотович.

Қосалқы құрам: Павлов, Савич, Шубаев, Эльмурзаев, Жарынбетов, Тағыберген.

«Ертіс»: Лория (к), Есимов (Калинин, 7), Воротников, Двали, Кислицын, Родриго, Дарабаев, Живкович, Фонсека (Алиев 90+3), Джедже, Фофана (Нганбе, 87).

Қосалқы құрам: Калмыков, Попов, Смайылов, Жұмасқалиев, Чернышов, Шабалин.

Төрешілер: Кәрлібаев (Орал), Ходин, Калачев (екеуі де – Атырау)

29 сәуір. Затобол қонысы. «Затоболец» стадионы. 2 000 көрермен


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика