Вернуться к списку статей

“Ақжайық” еңсе тіктеп, “Қайсардың” ұнжырғасы түсіп барады

Футбол
2K
«Ақжайық» – «Қайсар» – 1:0. Фото: fc-akzhayik.kz
«Ақжайық» сегізінші турда «Қайсармен» кездесіп, Оралда өткен матчта бір доп айырмасымен жеңіске жетті.

«Ақжайық» бұған дейін төрт рет қатарынан тең түскен болатын. Маусым басында «Ертіс» пен «Астанадан» түзде ұтылған болатын. Осы екі көшбасшының арасында «Шахтермен» кездесіп, басым түскен-ді. Ал бүгін екінші рет жеңіске жетті. Енді екпін алып келе жатқандай...

«Қайсар» керісінше, маусым басында үш рет жеңіске жетті. Бірақ төртінші турдан бері жеңіс дегенді ұмытты. Үш рет тең түсіп, бір ойында ұтылып қалды. Бүгін екінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.

«Қайсардың» бірінші таймдағы шабуылдары қауіпті болды. Бірақ «Ақжайықтың» қорғаушылары өте мұқият ойнап, жанкештілік танытты. Алаң иелерінің де ойынның бірінші жартысында гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ Азат Ерсәлімов қақпашымен бетпе-бет шығып айласын асыра алмады.

Жалпы, бұл ойында «Қайсардың» қақпашысы бірнеше рет алаң иелерінің қауіпті соққыларына тосқауыл бола білді. Бірақ 56-минутта, қақпа алдында екі команданың ойыншылары ұмар-жұмар болған қысылтаяң сәтте үлгермеді. «Ақжайықтың» қос ойыншысының ортасындағы допқа жету мүмкін болмады.

«Ақжайық» бұдан кейін жеңісті уысынан шығарып алмауды көп ойлады. Бірақ бекініс құрып, қорғанысумен болған жоқ. Шабуыл ұйымдастырып, допты өз қақпасынан әрірек ұстауға тырысты.

Ал «Қайсар» алаң иелерінің қорғанысын бұза алмады. Жалпы, Қызылорда командасына гол соғу мәселесі күрмеуі күрделі мәселе болып тұр. Сегіз ойында алты гол ғана соқты. Соңғы төрт матчта бір-ақ доп соққандарын да айрықша атап өткен жөн болар. «Ордабасы», «Тобыл» және «Ақжайық» қақпаларының “құлыпын” аша адмады...

«Ақжайық» – «Қайсар» – 1:0 (0:0)

Гол: Валиуллин, 56.

Ескертулер: Шмидт, 36. Заречный, 79. Изу, 90+2.

«Ақжайық»: Төлебаев, Шабаев, Николич, Одибе (к), Шмидт, Валиуллин, Ерсәлімов, Заречный (Тапалов, 82), Ортиз (Перцух, 90), Аренас Дельгадо (Рубио, 53), Изу.

Қосалқы құрам: Котляр, Антипов, Чулагов, Омаров, Макаев, Зұлфықаров

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов (Чуреев, 59), Граф, Ламанж, Евстигнеев, Коробкин, Камара (Көкеев, 71), Курьор, Аржанов, Байжанов (к), Сақалбаев (Николич 56).

Қосалқы құрам: Григоренко, Алтынбеков, Мулдаров, Нарзілдаев, Жақаев

Төрешілер: Абданбаев (Тараз), Орынбаев (Шымкент), Панин (Қостанай)  

23 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2 000 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика