«Қайсардың» қарқыны «Ертістің» екпінін басуға аздық етті
«Ертіс» (Павлодар) – «Қайсар» (Қызылорда) 3:2
Голдар: Фофана, 31 (1:0). Нәрзілдаев, 66-пенальтиден (1:1). Алтынбеков, 79 (1:2). Джедже, 83 (2:2). Родриго, 110 (3:2).
Ойынның 74-ші минутында Сахалбаев (Қ) алаңнан қуылды.
Негізгі құрамның біраз жігіттерін Қызылордада қалдырып, Павлодарға «Байқоңыр» сапындағы бірқатар ойыншыларды ертіп кеткенде «Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младеновке жеңіс қажет емес-ау деген ойда қалғанымыз рас. Сырдың болгары Премьер-лига ойындарымен салыстырғанда кубоктық кездесуде команда құрамына бірқатар өзгерістер енгізді. Қақпашы Марсель Исламқұловқа демалыс беріп, орнына Александр Григоренконы қойды. Қорғанысты да түгелдей жаңалап, қосалқы құрамда отырып келген жігіттерін шығарды. Жартылай қорғаныс пен шабуылда да солай. Бұған дейін тұрақты түрде негізгі құрамда ойнап жүргендерден тек Думан Нәрзілдаев қана бірінші минуттан ойынға қосылыпты. Сондай-ақ, Матиас Курьор да негізгі құрамнан орын алды.
Дегенмен, «Ертісте» де сондай жағдай. Димитар Димитров негізгі құрамның төрт-бес ойыншысын ғана қалдырып, қалғандарының орнына резервтегі жігіттерін шығарған екен. Есепті ашқан сол негізгі құрамдағы футболшылардың бірі Фофана еді. Фонсеканың соло шабуылынан кейінгі пасына аяғын дәл қоя білген «Ертістің» «қара маржаны» алаң иелерін алға шығарған. Үзілістен кейін Думан Нәрзілдаев пенальтиден таразы басын теңестірді. Бірақ, екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылған Руслан Сахалбаев қызылордалықтарды қиын жағдайда қалдырды. Рас, соған қарамастан Жамбыл Көкеевтің әдемі пасынан кейін Елжас Алтынбеков «Қайсардың» екінші голын соққан. Алайда, кем құрамда ойнау «Баварияның» өзіне де оңай еместігін кеше көрдік қой, «Қайсар» да қанша қарсыласқанымен ойын соңына таман қақпаларына гол жіберіп алды. Ал овертаймда «Ертіс» жеңісті жұлып алды.
Ел кубогының ендігі фавориті – «Қайрат»
«Қайрат» (Алматы) – «Тараз» 2:0
Голдар: Жуков, 33. Иличевич, 45+1-пенальтиден.
Ойынның 29-минутында Қожамберді (Т) алаңнан қуылды.
«Қайрат» пен «Тараз» кездесуі де көрермендерге гол, пенальти, қызыл қағаз сыйлады. Бірақ бәрі де алаң иелері алматылықтардың пайдасына. Расымен де, «Тараздың» бас бапкері Ваит Талғаев айтқандай, бұл ойындағы тартыс 29-шы минутқа дейін-ақ созылды. Одан кейін алаңнан қонақтардың бір ойыншысы қуылып, Цхададзе шәкірттерінің шаруасы жеңілдеді. «Жығылғанға жұдырық» дейтін бе еді, үзіліске сәл қалғанда «Тараздың» қақпасына пенальти белгіленді. Ал оның алдында алаң иелері қонақтардың қақпасына бір гол соғып үлгерген еді. Бірінші таймда әбден көресіні көрген Талғаев бастаған жігіттер екінші таймда тек қорғануға мәжбүр болды.