Вернуться к списку статей

Журналистер түсті додаға

Футбол
1K
Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Астана қалалық филиалы кубогының финалынан соң...
Астанадағы Əлкей Марғұлан атындағы №40 қазақ орта мектебінде БАҚ өкілдері арасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының кубогы сарапқа салынды.

Шағын футболдан өткен бұл додаға бұқаралық ақпарат құралдарының сегіз командасы қатысты. Олар – Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының «Жеңіс», «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, «Қазақ Радиосы», «ҚазМедиа», «Sport-59», «Kazsport» және «Атамекен» бизнес телеарнасының командалары.

Турнирдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов сөз сөйлеп, тартысты додаларды тамашалады.

Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының журналистер арасында доп додасын ұйымдастырып, жексенбі күнгі демалыста әріптестеріне тамаша сый жасағанына ризашылығын білдіргендер көп болды.

Турнирде командалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. «А» тобында «Қазақ Радиосы», «Егемен Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» ұжымының командалары ойнаса, «В» тобында алаңға «ҚазМедиа», «Жеңіс», «Sport 59» бен «Атамекен» телеарнасының жігіттері шықты.

«А» тобында «Хабар» агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінің клубтары бірінші және екінші орынмен келесі айналымға шықса, «В» тобында «Жеңіс» пен «Sport-59» командалары жартылай финалға жолдама алды.

Сөйтіп, жартылай финалдың бірінші матчында «Хабар» мен «Sport-59» клубтары кездесті. Бұл ойында журналистердің жарыстарында топ жарып, бас жүлдені алып жүрген «Хабардың» жгіттері басымдық танытты. Есеп – 3:0.  

Жартылай финалдың екінші ойыны «Жеңіс» және «Егемен Қазақстан» командаларының арасында өтті. Бұған дейін Астана қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен БАҚ лигасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы «Егеменнің» ойыншыларынан жеңілгенін білеміз. Кездесуде «Жеңістің» жігіттері сол жолы кеткен есені қайтарды. Есеп – 3:2.

Үшінші орын үшін болған матчта «Sport-59» «тинейджерлер» командасы «Егеменнің» жасағынан айласын асырып, қола жүлдегер атанды.

Қазақта бақ шаба ма, бап шаба ма деген сөз бар. Бұл сында «Жеңіс» клубының бабы мен бағы келісті. Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы финалда «Хабар» агенттігінің жігіттерін пенальти сериясында ұтып, турнирдің жеңімпазы атағын жеңіп алды.

Матчта командалар бір-біріне дес бермей, жанкүйерлерге тамаша ойын сыйлады. Мәселен, 3:3 есебімен аяқталған ойында «хабарлықтар» 1:3 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кетті. Бұл да ерлік! Бұл да жеңіске деген жігерді көрсетіп тұр!

Жалпы, турнирде барлық ұжымдар жақсы өнер көрсетті. Соның ішінде ұйымдастыру комитеті жекелеген аталым бойынша үздік атанған төрт адамға арнайы сыйлық тағайындады. Онда турнирдің үздік ойыншысы атағын «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман, үздік қорғаушы номинациясын "Егемен Қазақстан" газетінің қызметкері Елтай Нұрғазин алса, Құмарбек Азат ("Жеңіс") үздік шабуылшы, Айбек Қабылша ("Хабар") үздік қақпашы атанды.

Сөз соңында, барлық командаларға рахмет айтқым келеді. БАҚ ұжымдары бір күн бойы, таңертеңнен кешке дейін жеңіске деген жігерін көрсетіп, бақ сынасты. Сонымен бірге, турнирге арнайы келіп, журналистерге өзінің ыстық лебізін білдірген Мәдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовқа, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен мектептің директоры Ербол Іргебайға алғыс айтқым келеді.

Бұл ұйымның алғашқы турнирі болған соң біз үшін жоғарыда аттары аталған спорт жанашырларының пікірі маңызды. Осы кісілер алдағы уақытта да қоғамдық бірлестіктің жұмысына қолдау көрсететінін айтты. Енді болашақта журналистер арасында спорттың бірнеше түрінен Спартакиада өткізуді жоспарлап отырмыз.

 

Дастан КЕНЖАЛИН, спорт журналисі,

Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы

Астана қалалық филиалының төрағасы.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика