Вернуться к списку статей

“Ақжайық” Оралда “Оқжетпеспен” әупіріммен тең түсті

Футбол
1K
«Ақжайық» – «Оқжетпес» – 1:1 . Фото: okzhetpes.kz
«Ақжайық» VІ турда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 89 минут бойы қонақтарының қақпасына доп жеткізе алмай, қара терге түсті...

Өткен турда, өз алаңында «Ертістен» ұтылып қалған «Оқжетпес» Оралда жеңіске жетуді көздеді. Тіпті матч басында гол соғып, алға шықты. Бұдан кейін осы есепті уысынан шығармауға тырысты. Әрі қарсы шабуылдарымен есепті еселей түсуді де ойлады.

Алайда алаң иелері жеңісті қолдан бере қойсын ба? Оларға да жеңіс, оларға да ұпай керек. Тайталасып бақты. Екінші таймның аяғында тіпті тайлы-таяғымен алға қара лап қойып, қарқындарын үдетті, шабуылды күшейтті. Алайда бірнеше шабуылдарын «Оқжетпестің» қақпашысы тойтарды.

«Ақжайық» сонда да айылын жимады. Ақыры 90-минутта бақтары жанды. Предраг Говедарица допты айып алаңы сызығының бұрышында аяғына ыңғайлап салып алды да, шірене тартты. Доғаша иіп, қақпаның алыс бұрышына дөп түсірді. Гол.

Сөйтіп, екі команда Жайық жағасында ұпай бөлісті. Екеуіне бір ұпайдан бұйырды. Әйтсе де, қос команда да жоғары көтерілді. Бірақ көп емес. «Ақжайық» бір саты жоғарылап, 7-орынға орналасса, «Оқжетпес» 10-орыннан 8-орынға екі “адым” басты...

«Ақжайық» – «Оқжетпес» – 1:1 (0:1)

Голдар: Марочкин, 18 (0:1). Говедарица, 90 (1:1).

Ескертулер: Ерсәлімов, 1. Говедарица, 90+1 – Шафф, 62.

«Ақжайық»: Төлебаев, Сапанов (к), Николич, Одибе, Шмидт, Говедарица, Ортиз (Рубио, 70), Ерсәлімов (Макаев, 84), Антипов (Заречный, 65), Изу, Аренас Дельгадо.

Қосалқы құрам: Котляр, Жарылғасов, Перцух, Чулагов, Омаров, Тапалов.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Марочкин, Чертов, Политыло, Волков, Еоне (Генков, 90), Юрин, Федин, Хорват, Шафф (Недашковский 89), Струков.

Қосалқы құрам: Әбжанов, Кейлер, Дайыров, Козлов, Сламбеков, Куксин, Досмағамбетов.

Төрешілер: Құмашев, Құсайынов, Попов (бәрі де – Астана)

12 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2 000 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика