Румынияның orange.ro басылымында жарық көрген сұхбатқа сенсек, Аздрен Лулаку «Астана» сапында айына 40 000 еуро жалақы алатын көрінеді. Аталған басылым «енді ол алаңсыз футбол ойнай алады, тіпті Италиядағыдай мейрамханада қосымша жұмыс жасаудың да қажеті жоқ» деп жазыпты...
28 жастағы футболшы Румыния басылымының «сіз қалай 12 есе көп жалақыға қол жеткіздіңіз» деген сұрағына «бұл – асқақ арман, енді мен отбасыма көмектесе аламын» деп жауап беріпті. Әрі «Астана» сапына 15 қаңтарда қосылатындығын да тілге тиек еткен.
Өзінің Қазақстан чемпионы сапына ауысуына қаржылай шарттардың, яғни жоғары жалақының басты себеп болғанын да жасырмаған. Әйтпесе, Түркия, Бельгия, Польша, Қытай және Жапония клубтарынан, барлығы алты елден ұсыныс түскенін де бүкпесіз айтыпты.
Естеріңізге сала кетейік, елорда клубы Албания шабуылшысымен 2016 жылдың аяғында екі жылдық келісімшартқа отырған болатын. Аздрен Гани Лулаку соңғы екі маусымда Румынияның «Газ-Метан» клубы сапында өнер көрсеткен.
Ол Румыния чемпионатының ең үздік сұрмергені, 20 ойында 16 гол соққан. Digisport.ro сайтында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, айқын басымдықпен Румынияның 2016 жылғы «ең үздік легионері» болып та танылды.