Қазақстан Премьер-лигасындағы қысқы трансферлерге тоқталған біз кеше ел чемпионатындағы 10 үздік легионерлер ауысымын тізгенбіз. Бүгін біз қазақстандық футболшылардың ТОП-10 трансферіне тоқталмақпыз.
Естеріңізге сала кетейік, рейтинг түзу барысында футболшылардың тек заттаңбасындағы бағасына қараған жоқпыз. Бұрынғы жүріп өткен жолдарын, атақтары мен жаңа командасына қаншалықты пайдалы бола алатындығын да ескердік.
10-ОРЫН. Мұрат Тілешев (шабуылшы, 35 жас).
«Атыраудан» «Ақтөбеге»
Қазақстан чемпионатының сапында 1998 жылдан бері 148 гол соққан Мұрат Тілешевке ел футболындағы ең үздік сұрмерген Нұрбол Жұмасқалиевті қуып жету мүмкін болмай тұр. Бірақ былтырдан бері Мұратқа гол соғу қиындап кетті. Өткен маусымды «Атырауда» өткеріп, 19 ойында бар болғаны бір-ақ гол соққан. Биыл Тілешев қысқы үзілісте алдымен «Таразға» ауысады деген сыбыс шықты. Кейін «Қызыл-Жарға» қоныс аудармақ болғанын білдік. Алайда, ол жақ та сұрмергеннің көңілінен шықпады. Сөйтіп жүргенде «Тілешев футболды қояды» дегенді естідік. Тек соңғы сәтте ғана Мұраттың «Ақтөбеден» бір-ақ шыққанын білдік. Бәлкім, осы жыл ол үшін сәтті болар. Бұл оның «Ақтөбеге» үшінші рет оралуы. «Ер кезегі үшке дейін» екенін дәлелдейді деп үміттенеміз.
9-ОРЫН. Антон Чичулин (жартылай қорғаушы, 31 жас)
«Атыраудан» «Оқжетпеске»
Былтырғы маусымды 5-орынмен қорытындылағаннан кейін «Атырау» футбол клубының басшылығы негізгі құрамды сақтап қалуға уәде берген. Алайда команданың тең жартысын бос жіберді. Арасында 29 ойын өткізіп, көшбасшылардың бірі болған Антон Чичулин де бар еді. Қысқы маусымаралық үзіліс кезінде Антонға қызыққан клубтар көп болды. Бірақ ең қарқындысы «Ақжайық» пен «Оқжетпес» болатын. Әмбебап футболшы ақыры көкшетаулық команданы таңдады. Екі жақ та қателескен жоқ деп ойлаймыз. Өйткені, Чичулин қорғаныста да, қорғанысқа тірек болар шепте де, шабуылды ұйымдастыруда да тамаша ойнай алады. Оны алғашқы турларда дәлелдеп те үлгерді.
8-ОРЫН. Самат Отарбаев (қақпашы, 26 жас)
«Ордабасыдан» «Ақтөбеге»
Былтыр «Ордабасы» сапында Сергей Бойченко мен Андрей Сидельниковтің тасасында болып, чемпионатта да, кубоктық кездесуде бірде-бір рет алаңға шықпай, ақыры өзінің туған командасынан пана таппаған соң ақыры «Ақтөбеге» ауысуға мәжбүр болды. Дұрыс шешім деп сенеміз. Өйткені, Саматқа өзін дәлелдейтін уақыт баяғыда-ақ жетті. Жаңа командасының сапында негізгі құрамнан орын алатын қақпашы өзінің жанкешті ойыны арқылы ұлттық құрамадан да орын алады деп сенеміз.
7-ОРЫН. Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы, 31 жас)
«Ақтөбеден» «Оқжетпеске»
Ұзақ жыл «Ақтөбеде» тер төккен Марат Хайруллин енді жаңа карьерасын бастайды. Рас, қазір Марат жас кезіндегідей ширақ, жылдам емес. Мәселен, былтыр 20 кездесуде бір ғана гол соққан. Дегенмен креативі жетіп артылады. Оның үстіне, Хайруллиннің әлеуетін «Оқжетпестің» бас бапкері Владимир Мұқанов жақсы біледі. Көкшетаулық командада Мараттың рөлі шабуылдарды ұйымдастыру тұру болмақ. Бұл міндет плеймейкерге таңсық емес.
6-ОРЫН. Сергей Хижниченко (шабуылшы, 25 жас)
«Ақтөбеден» «Тобылға»
Талантты шабуылшы екі жыл Польшаның «Коронасында» доп тепкеннен кейін былтыр елге оралып, «Ақтөбеге» ауысқан. Шыны керек, барлық матчта алаңға шыққан жоқ. Жанкүйерлердің де сүйікті шабуылшысына айналып кете алмады. Бірақ, 27 матчта 9 гол отандық шабуылшылар үшін жаман нәтиже емес. Енді оның голдары «Тобылды» өрге сүйреуі тиіс. Айта кету керек, қостанайлықтар да анау-мынау ойыншымен емес, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімен келісімшартқа отырды. Ал бұл қазақстандық футболшының бағасын қай кезде болмасын өсіретіні анық.
5-ОРЫН. Ұлан ҚОНЫСБАЕВ (жартылай қорғаушы, 26 жас)
«Қайраттан» «Атырауға»
Бір кездері Қазақстанның үздік футболшысы болған Ұлан Қонысбаевтың соңғы кездері жолы болмай қойды. 2014 жылы «Шахтерден» кеткеннен кейін былтырғы маусымды «Астанада» бастады. Бірақ жарты жылда 3-ақ матчқа қатысты. Одан кейін елордалықтар оны Алматының «Қайратына» жалға берді. Алайда, онда да алты-ақ ойында алаңға шыққан. Мамандар оған ортанқол команданы таңдауға кеңес беріп жатты. Себебі, кіл мықтылар сапында Ұлан жұтылып кетіп жатты. Оған көсіле ойнау үшін кезіндегі «Шахтер» сияқты өзі лидер болатын команда керек. «Атырау» бұл критерийге толық сәйкес келетін секілі.
4-ОРЫН. Сергей МАЛЫЙ (қорғаушы, 25 жас)
«Ордабасыдан» «Ертіске»
Қазақстан футболына Қарағандының «Шахтері» арқылы танылған Украина тумасы бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі тіректерінің бірі. Бас командамыздың соңғы тоғыз ойынында негізгі құрамда алаңға шыққан. Былтырғы маусымды «Ордабасыда» өткізіп, 22 кездесуде 2 гол соққан. Қысқы маусымаралық үзілісте «Астананың» ең бірінші трансферлерінің бірі болған еді. Алайда, елордалықтар бұл қорғаушыны Керекудің «Ертісіне» жалға беруді жөн санады.
3-ОРЫН. Мақсат Байжанов (жартылай қорғаушы, 31 жас)
«Атыраудан» «Шахтерге»
Владимир Никитенконың негізгі ойыншысы болған Мақсат Байжановты «Атыраудың» қалайша оп-оңай жіберіп қойғанына таңымыз бар. Былтыр «мұнайшылар» сапында 26 кездесуге қатысып, 5 гол соққан Мақсат украиналық Владимир Аржановпен бірге командасының үздік сұрмергені атанған. Бірақ әріптесіне қарағанда алты ойынға аз өткізген еді. Алайда, жаңа маусымды Байжанов өзінің сүйікті командасы «Шахтерде» бастауды жөн көріпті. Капитандық таспаны да бірден өз қолына алды. Сөз жоқ, бұл биылғы маусымдағы ең үздік трансферлердің бірі. Оның үстіне, Мақсат қазір нағыз бабында секілді. Оған ұлттық құрама сапындағы соңғы ойындары да дәлел.
2-ОРЫН. Самат Смақов (қорғаушы, 37 жас)
«Ертістен» «Ақтөбеге»
Бәрі кетіп жатқанда Смақовтың керісінше «Ақтөбеге» келгені қызық болды. Бірінші ретте команданы жан-тәнімен сүйіп, жанкүйерлерін сыйлағандықтан осындай шешімге келді десек болатын шығар. Өйткені, Саматқа «Ақтөбеден» басқа да клубтардан орын табылатын еді. Шындап келгенде елімізде «Қайрат» пен «Астана» ғана алғысы келмейтін шығар, ал қалған клубтардың барлығы Смақовқа командасының төрінен орын тауып беруге әзір. Мұндай ойыншысы бар «Ақтөбе» жанкүйерлері әлбетте бақытты ғой.
1-ОРЫН. Юрий Логвиненко (қорғаушы, 27 жас)
«Ақтөбеден» «Астанаға»
Алғаш рет «Ақтөбе» сапында алаңға шыққанда небәрі 17 жаста еді. 2006 жыл болатын. Содан бері Юра туған қаласының командасында 228 матч өткізіп, 14 гол соқты. Командасының капитаны болып, жанкүйерлер алақанына салып әлпештеді. Төрт рет Қазақстан чемпионы атанды, үш рет күміспен күптеліп, үш мәрте қолаға қол жеткізді. Ел кубогын бір рет, Суперкубокты үш рет жеңіп алды. Бірақ, өмірге өзгеріс енгізетін сәт туды. Ресей чемпионатына ауысады деп жүріп, ақыры «Астанаға» жол тартты. Бұл сөз жоқ, биылғы маусымдағы қазақстандық футболшылардың ең үздік трансфері.