Вернуться к списку статей

Аршавинді әкелгенімен Бородюктің өзі кетті

Футбол
2K
Александр Бородюк қызметінен кетті
Премьер-лиганың алғашқы үш турында небәрі бір ұпай жинаған «Қайрат» футбол клубы бас бапкері Александр Бородюкті қызметінен босатты.

Леонид Кучук, Виктор Гончаренко сияқты ығай мен сығайлар арасынан таңдап шақырған бапкер Александр Бородюк еді. Беліне байлаған шоқпарды көтере алмай, ол да қызметінен кетті. Клубтың ресми сайтында «Қайрат» басшылығы Александр Генриховичті қалуға көндіруге тырысқанымен бас жаттықтырушы кетем деген шешім қабылдады» деп келтіріпті. Егер шамасы жетпесе, әу баста-ақ команданы жаттықтырудан бас тартпады ма? Әлде Қазақстан футболында жеңістер өздігінен келе береді деп ойлады ма? Гончаренконы оңға ысырып, Кучукті солға ысырып, ешкімге қарамай, таңдаған маман осы емес пе? Үш турдан кейін кетем деп шабаданын жинағаны – қай сасқаны? Қорқақтық па, әлде батылдық па?

– Бородюктің кемшілігі – бас бапкер ретіндегі тәжірибесі аз, - деп баға берген болатын бұл маман туралы осыдан біраз бұрын КСРО-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Бышовец. Расында да, Александр Генриховичке тәжірибе аздық еткен секілді.

Ал кеше ғана порталымызға осы жайында сұхбат берген қазақ футболының тірі аңызы Құралбек Ордабаев «Бородюкке уақыт беру керек. «Қайрат» әлі өз ойынын табады» деген еді. Бірақ, клуб пен жаттықтырушының жолы бүгіннен бастап екіге айрылды.

Шыны керек, «Қайраттың» құрамы Қазақстан чемпионатындағы ең қарымдылардың бірегейі. Клуб басшылығы да қолдарынан келгенше құрамын күшейтуде. Бородюк бапкерлік етеді деген соң Андрей Аршавин де Алматыға келді. Бірақ Аршавинді әкелгенімен бас бапкердің өзі кетті.

Дегенмен, Александр Бородюк төрт ойынның ішінде «Қайратқа» бір кубок сыйлап үлгерді. Ал алматылық клубқа кімнің келетіні әзірге белгісіз. Клуб басшылығы жедел түрде Владимир Вайстан кем түспейтін бір білікті маманды табады деген үміттеміз.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика