Ел чемпионатының 3-турынан кейін небәрі бір ұпай жинаған Алматының командасы дәл қазір турнир кестесінде 9-орында тұр. Александр Бородюк шәкірттері үш кездесудің біреуінде тең түссе, екеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Осындай нәтижеден кейін жанкүйерлер «бұл «Қайраттан» қайыр бар ма?» десіп бір-біріне сұраулы жүзбен қарауда. Бұл сұрақтың жауабын біз де іздеп көрген едік.
Жұлдыздар бәрін шешпейді
Жалпы, бірінші турда алматылықтар түзде «Тараздан» 1:2 есебімен жеңілді. Одан кейін елордамыздың «Астана-Арена» стадионында «Оқжетпеспен» тең түсті. Ал кеше Оралда «Ақжайықтан» тағы да 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Иә, әшейінде үшеуін де «қалпақпен қайырып» жүрген команданы биыл қара басты. Үш ойыннан еншілегені бір-ақ ұпай. Ешкім күтпеген көрсеткіш. Кешегі ойыннан кейін тіпті, алматылықтардың бас бапкері Александр Бородюк өзінің әлеуетіне күмәнданып та қалған сияқты. «Басшылықпен сөйлесем, бәлкім ары қарай «Қайратты» жаттықтыруды доғарғаным дұрыс шығар», - деп айтып қалды. Әлбетте, эмоцияның үстіне қызбалыққа салынып айтқан да болуы мүмкін. Дегенмен, шынымен де қазірден бастап ойланатын нәрсе. Бородюк «Қайраттың» ойынын түлете ала ма? Дәл қазір бұл сұраққа жауап беру қиын.
Сондай-ақ, «Жұлдыздар бәрін шеше бермейді екен. Ең маңыздысы, жеңіске деген жігерлік пен табандылық» деді Александр Генрихович. Иә, расымен де «Ақжайықтың» Руслан Валиуллин, Қуаныш Бегалин, Фредди Корнелл сынды қарапайым жігіттеріне «Қайраттың» Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук, Жерар Гоу сынды жұлдыздары қарсы тұра алған жоқ. Қатардан сызып тастаған Захар Коробов, Эдуард Сергиенко сынды саңлақтар алматылықтардың Бауыржан Исламхан, Ермек Қуантаев сынды жас жұлдыздарынан ширақ, әрі шапшаң көрінді.
«Қайраттың» ойынында бір мін барын Суперкубок кездесуінде-ақ байқағанбыз. «Астанамен» болған сол матчта алматылықтар тек қорғанумен болып, тек пенальтидің арқасында ғана жеңіске жете алды. Ал құрамына қарасаң, былтырға қарағанда біршама күшейген тәрізді. Рас, Заурбек Плиев пен Джордже Деспотович кетті. Үш-төрт күн бұрын ғана Сито Риераны жіберді. Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Байтана, Жамбыл Көкеевтер қанша дарынды болғанымен олар онсыз да командада артық болатын. Ал олардың орындарын басқан ойыншылар осал емес. Лукаш Тесак пен Андрей Аршавин бір ғана мысал. Леандре Тавамбаны да талантты шабуылшы дейді «гугл білгіш». Алайда, жаңа ойыншылардың ешқайсісі әзірге алматылықтардың ойындарын түлете алар емес.
Бар мәселе бас бапкерге тіреліп тұр ма?
Бәлкім, бар мәселе бас бапкерде жатқан шығар. Құрамынан ат үркетін команданы ойната алмай жатқан Александр Бородюктің өзі болар. Мүмкін, кеш болып кетпей тұрғанда жаттықтырушылар алқасын алмастыру керек пе? Оның үстіне, дәл қазір ресейлік маманды дәл қазір «отставкаға» жіберсе де дайын сияқты. Оған кешегі матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында айтқан сөзі дәлел.
– Бар кінәні өз мойныма аламын. Биылғы маусымдағы ең нашар ойынымыз осы болды. Енді командада қалу-қалмауым жайында ойланып, бір қорытындыға келуім керек-ау. Осы жөнінде басшылықпен сөйлесіп, ақылдасамын. «Қайраттың» биылғы мақсаттары асқақ. Бірақ, дәл қазіргі таңда өзімізге артылған жауапкершілікті көтере алмай жатырмыз, - деді «Ақжайықпен» болған ойыннан кейін Бородюк бапкер.
Иә, шамасы келмей жатқанын ертең емес, бүгін мойындағанына рахмет. Әйтпесе, бар кінәні басқаларға артып, өзіне шаң жуытпайтын функционерлер де бар Қазақстанда. Ал Бородюктің біліктілігіне күмән келтірмейміз. Кезінде Гусс Хиддинк, Дик Адвокат сынды әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылардың көмекшісі болған маман осал болушы ма еді? Дегенмен, «Қайратпен» келісімшартқа отырарда Александр Генрихович Қазақстан футболының әлеуетін бағамдап үлгермеген секілді. «Қазақстанда чемпиондыққа жету оп-оңай» деп ойлады ма кім білсін...
Жанкүйерлер Владимир Вайссты сағына бастады
Қазір алматылық клубтың кейбір жанкүйерлері Владимир Вайссты сағына бастады. Естеріңізге сала кетейік, «Қайраттан» кеткеннен кейін Грузия ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған словакиялық маман Алматының командасын үш жыл жаттықтырды. Осы аралықта екі рет ел кубогын жеңіп алды, бір рет ел чемпионатында екінші орынды иемденіп, екі рет қола жүлдегер атанды. Бірақ әу баста оған үш жылдың апогеясы «чемпиондық тәж» болу керек деп тапсырма қойған. Былтыр күміспен шектелген Вайсс Қазақстанда «Қайратты» ақыры чемпион қыла алмады. Бәлкім, Қайрат Боранбаев бастаған клуб басшылығының онымен келісімшартты ұзартпағаны сондықтан шығар. Кім біледі, мүмкін, словакиялық маманды қалдыруға Боранбаевтың кеудесі жібермеген болар... Біздікі тек пайым ғой.
Дегенмен, Владимир Вайсс та «Қайраттың» ойынын бірден түлетіп жібермеген. 2013 жылы команда тізгінін енді ғана қолына алғанда ол да біраз қиындықтар көрді. Алғашқы үш турда бірде-бір жеңіске жете алмай, «Жетісу», «Астана» және «Атыраумен» тең ойнады. Төртінші турда Таразға қонаққа барып, жеңіліп те қалған. Тек 5-турда ғана Вайсс жанкүйерлеріне алғашқы жеңісті сыйлай алды. Одан кейін ойындары аздап оңалғанымен сол жылы «Қайрат» өздерінің нағыз ойындарын маусым соңында ғана тапты. Бәлкім, Александр Бородюкке де Қазақстан футболымен толық танысып, «Қайратты» қаһарлы команда ету үшін уақыт керек шығар. Не де болса, әліптің артын бағайық.
Дегенмен, жазда Еуропа лигасы басталатынын да ұмытып кетпесек болды. Былтыр топтық кезеңге бір қадам қалғанда сүрінген алматылық команданы жанкүйерлер биыл үздіктер қатарынан көргілері келетіні анық. Ал бұл «Қайраттан» Еуропа лигасында қайыр күтуге бола ма? Сіз қалай ойлайсыз?