Вернуться к списку статей

Отарбаев Ордабаевтың орнын баса ма?..

Футбол
2K
Фото fca.kz сайтынан
Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың ойындары өтіп, «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады.

Ойын сылбыр басталды

Ойын тартысты өткенімен, футболшылардың жылдамдықтары да аса жоғары болмады. Баяу қарқынмен басталған матчта ойыншылардың өрескел қателіктері де аз болды. Қақпаға бағытталған тура соққылар да көп болған жоқ.

Әйтсе де, баз-базында, әсіресе екінші таймның аяғына қарай екі команданың ойыншылары да зыр жүгіріп, оқтын-оқтын жылдамдықтарын үдетіп отырды. «Ақтөбе» қорғанысына көп көіл бөліп, қарсы шабуылдарымен алаң иелерін қапы қалдыруды көздеді. Ал «Астана» асықпады...

Қалай да, гол соғатындарына сенімді болды ма? Жоқ әлде, шынымен де «Ақтөбенің» қорғанысына азуы батпады ма?.. Әйтеуір елорда клубы басында тым «байсалды» көрінді.

Бірақ ойын аяқталуға тақаған сайын «Астана» футболшылары қалбалақтап, асып-саса бастағандай болды. Тіпті қателесіп, «Ақтөбе» футболшыларының гол соғып кетулеріне мүмкіндік беріп те алды. Бірақ ресейлік Егор Сорокин жаза басып, гол соғуға шорқақ екендігін көрсетіп алды...

Әуелеп ұшқан ала доп – Отарбаевтың «олжасы»

«Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов алаңға тың ойыншыларын шығарып, футболшыларын қамшылай берді. Ақыры астаналықтар тыраштанып жүріп, матчтың аяқталуына жеті минут қалғанда мұраттарына жетті. Шомко сол қанатан әуелетіп асырған допты Твумаси шірене теуіп, қақпа ішіне сүңгітті.

Осы жерде айрықша атап өтуге тиіспіз, Патрик теңбіл допты жерлетіп те, әуелетіп те емес, орта деңгейде бағыттады. Себебі, «Ақтөбе» клубының қақпашысы Самат Отарбаев әуелеп ұшқан доптың бәрін қақшып та алды, алаң сыртына қарай қағып та жіберді. Былайша айтқанда, баспен ұратын допты түгелдей дерлік тойтарды.

Ол «Астана» клубының бойшаң ойыншыларына дес бермей, әбден діңкелетті. Баспен гол соғуға шебер Джодже Деспотович те Саматтан айласын асыра алмады. Отарбаев әуелеп ұшқан допқа қарсы жүгіріп шығып, қос қолдап ұстап алғанға да қаражаяу емес екен.

Отарбаевтың бүгінгі ойыны мен өнеріне қарап сүйсіндік. "Ақтөбеде" бағы ашылып, жұлдызы жанса, нұр үстіне нұр блар еді. Өйткені, қазақта Құралбек Ордабаевтан кейін тасқамал қақпашы көзге түспей кеткен жоқ па?..

"Ақтөбенің" қас шебер легионерлері қане?..

Незігі, әр клубта легионерлер ерекше көзге түсіп, өз ойыншыларымыздан әлдеқайда жоғары деңгеде өнер көрсетуі керек емес пе? Алайда «Ақтөбе» сапындағы шетелдік футболшылардың көбісі көңілімізден шықпады. Тек орталық қорғаушы Куасси Куаджаның шеберлігі көзге ұрады.

Қалғандары өзіміздің ойыншылармен деңгейлес сияқты. Тіпті Тоқтар Жаңғылышбай мен Бағдат Қайыров дәл осы ойында олардан асып түспесе, кем түскен жоқ секілді...

«Астана» құрамына жақында ғана алынған Бесарт Абдурахимиді ойын соңында алаңға шығарып, 11-14 минуттай өз қабілетін паш етуге мүмкіндік берді. Қалай жасырса да, Македония құрамасының сапында 12 ойын өткізген футболшының басында біраз қобалжығаны байқалып тұрды. Қазақ додасына келе сала бейімделіп кетпесі, айтпаса да түсінікті, әрине.

Серікжан жоқ, Твумаси зыр қақты

Бұл ойында «Астана» сапында Серікжан Мұжықовтың орны үңірейіп, «көрініп» тұрды. Жалпы, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, екі жолдастық кездесуде жанкештілік танытқан футболшыларымыздың көбісін клубтағы бапкерлері дамылтатып алуды жөн санағандай.

Бұл ретте, «Ақтөбе» сапындағы Самат Смақовтың да ойынға тек екінші таймның аяғында қосылғанын атап өткен жөн болар. Қонақтардың бас бапкері Юрий Уткульбаев матчтан соң ұлттық құрама капитанын осы ойында алаңға шығаруды жоспарламағанын, бірақ кездесудің аяғына қарай тактикалық өзгерістер енгізуге мәжбүр болғандығын айтып ақтарылды.

Сонымен, бұл ойында «Астана» жеңіске жетті. Басында жайбасарлық танытқан Твумаси қарқынын үдетпегенде, ойының қалай аяқталары белгісіз еді. Гана футболшысы гол соғып қана қойған жоқ, соған дейін оң қапталдан атойлап алға шауып, бірнеше рет тамаша пастарымен «Ақтөбе» қақпасына қауіп төндірумен болды.

"Астана" – "Ақтөбе" – 1:0

Гол: Твумаси, 83.
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Постников (Логвиненко, 78), Аничич, Шомко, Каньяс, Тағыберген (Абдурахими, 79), Твумаси, Максимович, Нөсербаев (Щеткин, 67), Деспотович.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Куаджа, Сорокин, Ситдиков, Петролай, Кәкімов (Смақов, 76), Шестаков, Давлатов (Жалмұкан, 5; Цвейба, 73), Бочаров, Жанғылышбай.
Бас төреші: Абданбаев (Тараз).
3 сәуір. Астана. «Астана-Арена». 7 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика