Қазақстан құрамасы сапында 17 ойыншы алаңға шықты
Осыдан үш күн бұрын өткен аптаның соңындағы жолдастық кездесулер мен ресми матчтарға тоқталып өткенбіз. Бүгін осы аптаның басындағы кездесулерге қысқаша шолу жасап өтпекпіз.
Қазақстан ұлттық құрамасы Тбилисиде Грузия футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, Борис Пайчадзе атындағы стадионда 17 ойыншымыз доп тепті.
Осы 17 ойыншыны Қазақстан премьер-лигасындағы өз клубтары бойынша жіктесек, көрсеткіш төмендегідей:
«Астана» – 6, «Қайрат» – 3, «Ертіс» және «Ордабасы» – 2, «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау» және «Тобыл» – 1.
Неманья Максимович – "Астана"
«Астана» футбол клубының болашақ жұлдызы Неманья Максимович бұл жолы да Сербия ұлттық құрамасы сапында ойнады. Ол Сербия және Эстония құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде де алаңға екінші таймда (82-минутта) шығып, бұл жолы Л.Милошевичті алмастырды. Аталған матчта Неманья мен оның отандастары 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Лукаш Тесак – "Қайрат"
Бұл жолы Анатолий Тимощук алаңға шықпағанымен, Алматының «Қайраты» сапындағы тағы бір ойыншы өз елінің намысын қорғады. Атап айтқанда, словак Лукаш Тесак матчтың 88-минутында Д.Швентоны орнына шығып, өз елінің ұлттық құрамасының түзде 2:2 есебімен тең түсуіне аз да болса, өз үлесін қосты. Бұл Ирландия – Словакия арасындағы жолдастық кездесу болатын.
Лимане Мусса – "Каспий"
Қазақ футболының премьер-лигасы тұрмақ, бірінші лигасындағы қайсыбір ойыншылар өз отандарының намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл ретте, биыл ғана «Каспий» (Ақтау) клубына ауысқан, Орталық Африка республикасының шабуылшысы Лимане Муссаны айрықша атап өтуге болады.
«Қарақұрлықта» 2017 жылғы Африка кубогының електік додалары басталып, ОАР құрамасы соңғы бес күнде екі ойын өткізген болатын. Нақтырақ айтқанда, Мадагаскар құрамасымен әуелі түзде, содан соң өз алаңында додаға түсті. «Ақтаулық» Мусса осы екі ойында да маңызды гол соқты. Түзде 1:1 есебімен өткен тартысты матчтың 84-минутында есепті теңестірді. Ал үйдегі ойынның 65-минутында шешуші гол соғып, Орталық Африка құрамасының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.
Африка кубогы сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, осы екі ойында да Л.Муссамен бірге Орталық Африка республикасы құрамасының сапында «Тобыл» (Қостанай) клубының орталық қорғаушысы Фернандер Кассай мен Қазақстан жанкүйерлеріне жақсы таныс Кетевоама Фокси де өнер көрсеткен.
Тоғыз ойыншы – қосалқы құрам орындығында
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында алаңға шықпаған алты ойыншыны қоспағанда, біздің елдің премьер-лигасында нәпақа тауып жүрген тағы да бірнеше футболшы қосалқы құрам орындығында отырып шықты.
Атап айтқанда, бұл жолы Анатолий Тимощук (Украина, «Қайрат»), Марин Аничич (Босния және Герцеговина), Александр Гейнрих (Өзбекстан, «Ордабасы) сынды футболшылар өз отандастарының жеңістеріне алаң жиегінде тілеулес болып отырды.