Қазақстан премьер-лигасының ойыншылары Еуропа алаңдарында
Кеше Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Әзірбайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 17 ойыншымыз жасыл алаңға шықты. Олардың 16-сы, яғни биылғы маусымда Ресейдің «Ростов» клубына ауысқан Стас Покатиловтан басқасы – Қазақстан премьер-лигасында бақтарын сынап жүрген ойыншылар.
Қазақстан құрамасы сапында «Астананың» бес футболшысы, ал «Қайрат», «Ертіс», «Ордабасы» және «Тобыл» клубтарының екі ойыншылары ел намысын қорғады. «Шахтер», «Ақтөбе» және «Атырау» командалары сапынан бір ойыншыдан жасыл алаңға шықты.
Қазақстан чемпионатында ойнайтын тағы да бірнеше футболшы өз отандарының ұлттық құрамалары сапында ойнап, біздің елдің атын шығарды, десек те болады.
"Астана" – Неманья Максимович және Марин Аничич
Бұл ретте де, «Астана» футбол клубы озық шықты. Елорда клубының екі легионері өз елдерінің намысын қорғап, жасыл алаңға шықты. Еуропа футболының болашақ жарық жұлдызы Неманья Максимович Сербия ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізді.
Максимович Сербия және Польша құрамалары арасындағы жолдастық кездесудің 73-минутында алаңға шықты. Бірақ талантты Неманья мен оның отандастары бұл матчта 0:1 есебімен ұтылып қалды.
«Астана» клубының тасқамал орталық қорғаушыларының бірі Марин Аничич те Еуропада ойнақ салып, Босния және Герцеговина құрамасының түзде Люксембург футболшыларын 3:0 есебімен ойсырата жеңуіне үлес қосты. Әрі ол бұл матчта бастан-аяқ ойнап шықты.
"Қайрат" – Анатолий Тимощук
Алматының «Қайратында» өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, жастарға үлгі болып жүрген Анатолий Тимощук Украина құрамасы сапында кезекті ойынын өткізді.
Ол Украины құрамасы Кипр футболшыларын 1:0 есебімен жеңген кездесудің 72-минутында ойынға қосылып, жалғыз голды соққан Степаненконың орнына шықты.
"Ертіс" – Георгас Фрейдгеймас
Павлодар клубының литвалық қорғаушысы Георгас Фрейдгеймас бір ойынды толық ойнап шықты. Ол Румыния – Литва кездесуінде (1:0) 90 минут бойы ойнағанымен, Ресей құрамасымен өткен матчта қосалқы құрам орындығында отырды.
"Тобыл" – Артурас Жулпа
Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын тағы бір ойыншы Литва құрамасының намысын қорғады. Қостанай клубында қазақ додасының көрігін қыздырып жүрген Артурас Жулпа Литва құрамасының түздегі екі жолдастық кездесуінде де бастан-аяқ ойнап шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Литва құрамасы әуелі Румыния футболшыларынан 0:1 есебімен, одан кейін Ресей құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалған болатын.
"Ордабасы" – Александр Гейнрих
"Ордабасы" клубындағы Өзбекстан құрамасының ойыншысы Александр Гейнрихтің өзгелерден айырмашылыға, ол 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасы аясында ресми ойын өткізді. Бұл Азиядағы екінші електік кезең аясындағы маңызды матч болатын.
Өзбекстан құрамасы өз алаңында Филиппин футболшыларын қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Гейнрих 57-минутта Сервер Джепаровты алмастырды. Енді Өзбекстан құрамасы 29 наурыз күні Ташкентте Бахрейн футболшыларын қабылдайды.