Вернуться к списку статей

Дидар Сыдықбек: Қазақстан футболында тұрақтылық жоқ

Футбол
2K
Дидар Сыдықбек
Біздің футболда жынымды қоздыратын бір нәрсе бар. Егер сау болсаң, клубтарға керексің де, жарақат алып қалсаң, қажетсіз болып қаласың. Алады да, сені қоқыс жәшігіне тастай салады.

Осыдан үш жыл бұрын Дидар Сыдықбек еліміздің ең дарынды, болашағынан мол үміт күттіретін футболшылардың бірі болатын. 20 жасында Премьер-лиганың «Ақтөбе», «Ордабасы» командаларында ойнап үлгерді. Тіпті, Еуропаның еңселі командалары да қызыққан. Алайда, жарақаты кесір болып, кәсіпқой футболдағы карьерасын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Қазақстан – Босния және Герцеговина жастар құрамаларының арасындағы ойыннын қарсаңында Дидарға хабарласып, аз-кем сұхбат өрбіткен едік.

"Еуро-2017" іріктеу додасы туралы

– Дидар, бүгін аға бапкер Вахид Масудов бастаған Қазақстан жастар құрамасы «Еуро-2017» іріктеу додасының аясында босниялық құрдастарын қабылдайды. Бұл матчтан не күтесіз?

– Жігіттер жеңеді деп ойлаймын. Оның үш себебін айтып берейін. Біріншіден, қарсыластарды өз алаңымызда қабылдаймыз. Екіншіден, бас бапкер Вахид Масудовпен жеке таныспын. Мені де жаттықтырған. Өте тәжірибелі маман. Үшіншіден, Босния және Герцеговина жастар құрамасы ұлттық құрамасынан әлдеқайда әлсіз. Біз оларды түзде жеңгенбіз. Неге өз алаңымызда да сол жетістікті қайталамасқа? Шамамыз жетеді. Ең бастысы, өз күшімізге сенуіміз керек. Қателеспесем, осы топта ең соңғы орында осылар тұр.

– Қазақстан жастар құрамасының көптеген ойыншыларымен жеке таныс боларсыз. Арасынан кімді ерекше бөліп айтар едіңіз?

– Иә, бірқатарымен бұрын да бір клубта доп тепкенмін. Жасыл алаңда да жиі кездесіп қалып жүрдік. Араласатын да жігіттер бар. Бәрі де жылдам, ширақ ойыншылар. Арасынан Максим Фединді ерекше айтар едім. Болашағынан мол үміт күтуге болады. Өкінішке қарай, жастар құрамасының көптеген футболшылары биыл өз клубтарында алаңға шығып жүрген жоқ. Қосалқы құрамда отырып қалды.

– Осы орайда, Дидар, қалай ойлайсыз, Қазақстан футболында жастарға қатысты ережені алып тастағаны дұрыс болды ма?

– Меніңше, әбден дұрыс болған сияқты. Бұрынғы ереже бойынша Премьер-лиганың клубтары әр ойынға міндетті түрде бір-екі жас футболшыны ойнатуы керек болатын. Бірақ, бұл жеңілдік жемісін берген жоқ. Бәрі демей-ақ қояйын, көп жастар, турасын айтқанда құтырып кетті. Өздеріне деген жауапкершілікті тым төмендедіп алды. Қазір жаттықтырушылар жас футболшыны алаңға шығара ма, жоқ па, өзі шешеді. Яғни, жастар да басқалар секілді негізгі құрамдағы орындарын өз күштерімен алулары тиіс. Кімнің-кім екенін енді білетін боламыз.


Дидар Сыдықбек Астана біріншілігінде

"Ақтөбе", "Ордабасы" және "Легия" жайлы

– Дидар, енді өзіңіздің жайыңызды сұрағым келіп тұр. Кезінде «Ордабасы», «Ақтөбе» сынды еліміздің мықты командаларында ойнадыңыз. Неліктен футболшылық карьераңызды тым ерте аяқтадыңыз?

– Жаттығулардың бірінде тіземнен ауыр жарақат алғанмын. Қанша емдеттім. Бірақ, сол күйі жаза алмадым. Бұрынғы қалпына келмеді. Сондықтан, «Ақтөбеде» де аса көп ойнай алмады, «Ордабасыда» да көсілуге мүмкіндік болған жоқ. Бірінші лигаға бардым. Алайда, ол жақта жарақатым бәрібір маза бермеді. Бүйтіп қиналғанша футбол ойнауды доғарайын деп шештім де, 2014 жылғы футбол маусымынан кейін жасыл алаңнан біржола кеттім. Егер жарақатым болмағанда мен әлі күнге Премьер-лиганың ең мықты командаларында ойқастап жүрер едім.

– Әлі де кеш емес қой. Небәрі 23 жастасың. Қазір кәсіпқой командалардан ұсыныстар түсіп жатқан жоқ па?

– Шақырады. «Біздің командаға келіп, өзіңді тексеріп көрсеңші» дегендер аз болған жоқ. Олардың барлығына да алғыстан басқа айтарым жоқ. Мәселен, қыста Астананың «Бәйтерегі» шақырды. Сосын өзімнің туған қаламның командасы «Қызылжардан» да ұсыныс болды. Дегенмен, екеуінен де бас тарттым. Тәуекелділікке барғым келмеді. Өйткені, қазір Қазақстан футболында тұрақтылық жоқ. Бүгін тәп-тәуір жұмыс істеп жатқан команданың ертеңгі тағдыры қалай боларын білмейсің. Бұл жағдай «Астана-1964» командасында ойнап жүргенімде бастан өтті ғой. Сондықтан, қазіргі жұмысымнан айрылып қалғым келмейді. Оның үстіне, үйленіп, отбасымды Астанаға көшіріп алып келгенмін. Бұрынғыдай алып-ұшып жүре беретін жастан өттік. Бірінші кезекте отбасымды ойлауым қажет.

– Сонда қазір қайда жұмыс істейсіз?

– Мемлекеттік қызметтемін. Нақтысын айтқанда Қазақстан Республикасы Президенттің Іс Басқармасындамын. Дегенмен, одан бөлек, футбол менеджменті бойынша білім алғанмын. Сертификатым бар. Болашақта жаттықтырушы болмасам да, функционер болсам деп ойлаймын.

– Кезінде сізге шетелге кетіп қалатын мүмкіндік болды. Польша, Словакия клубтары шақырды. Неге сол мүмкіндікті пайдаланбадыңыз?

– Менің кеткім келмеді дейсіз бе? Ондай мүмкіндіктің күнде туа бермесін мен де түсіндім. Бірақ, жарақатымның кесірінен ойнай алмай жүрген кезім еді. Иә, Польшаның «Легиясы» мені аттай қалады. Білесіз ғой, қандай клуб екенін... Польшаның 10 дүркін чемпионы. Үнемі Чемпиондар лигасына қатысып тұрады. Солар маған әрдайым хабарласатын. «Қашан келесің?» деп қоймайтын. Бірақ жарамайтын аяқпен ол жаққа барғанда не істеймін?


Дидар Сыдықбек "Наша Кампанияға" қарсы

Жасыл алаңдағы делдалдар мен "Астана-1964"

– Сіз елімізде көптеген футбол агенттерімен қызмет атқардыңыз. Жалпы, еліміздегі жасыл алаң делдалдары жайлы пікіріңіз қандай?

– Мен Александр Митрофановпен бірге жұмыс жасағанмын. Соның клиенті болатынмын. Өз ісін жетік білетін өте тәжірибелі маман. Аздап көмектесті, бірақ аса қатты көңіл бөлген жоқ. Мен өзіме сенімді, ешқашан лақтырып кетпейтін, бар тағдырымды тапсыра алатын агент іздедім. Өкінішке қарай, Қазақстанда агенттер тым көп сөйлейді. Уәделеріне берік емес. Біздің футболда жынымды қоздыратын бір нәрсе бар. Егер сау болсаң, клубтарға керексің де, жарақат алып қалсаң, қажетсіз болып қаласың. Алады да, сені қоқыс жәшігіне тастай салады. Ал Еуропада қалай? Футболшы жарақат алып қалды ма, оны емдеп, ем-домын төлеп, аяғынан тік тұрғызып шығарады. Сосын футболшының құштарлығы қайта оянып, өзіне кеткен шығынды клубқа екі есе етіп қайтарады. Қазақстан футболындағы осындай қасиетсіздік үшін күйінемін.

– Дидар, бүгінде Астана қаласының біріншілігінде «Астана-1964» атты әуесқой футбол командасында доп теуіп жүрсіз. Бұл команданың 2014 жылдың соңында жабылып қалған «Астана-1964» клубына қатысы бар ма?

– Тікелей қатысы бар. Негізі, былтыр Астанада «Прогресс.kz» деген команда болған. Былтыр Екінші лиганың жеңімпазы атанып, Қазақстан Бірінші лигасына жолдаманы жеңіп алғанбыз. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты жолдамадан қағылдық. «Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады». Бәрі де ақша жоқ деп шығарып салады. Астана қаласының әкімдігіне, Спорт басқармасына бардық. Олар да көмектесетіндіктерін айтатын. Алайда, Бірінші лига «Прогресс.kz»-ке сол күйі бұйырмады. Содан қыста елордалық жанкүйерлермен ақылдаса келе команданың атауын «Астана-1964» деп өзгертуді жөн санап, әйгілі клубтың ізін жалғастырушы ретінде жанкүйерлердің батасын алдық. Қыста бірінші рет Астана қаласының біріншілігіне «Астана-1964» ретінде қатысып, чемпион атандық. Енді бұйыртса, Екінші лигаға да қатысып көрмек ойымыз бар. Болашақта осы команданы Бірінші лигаға шығарсақ деген мақсатымызды қайтіп жасырайын?!

– Бұл командада сізден басқа тағы қандай белгілі ойыншылар бар?

– Көпшілігі Астана футболының түлектері. Қуаныш Әбдуалиев кезінде «Жеңіс» сапында жасындай жарқылдаған. Ербол Изекенов, Асан Барлыбаев сынды Бірінші лигада доп тепкен жігіттер бар. Команда жетекшісі – Данияр Абдуллаев деген кәсіпкер. Бізден көмегін аямайды. Дегенмен, үлкен футболға жол тарту үшін үлкен қолдау қажет. Осы орайда, кезіндегі «Целинник», «Жеңіс» командаларының ізін жалғастырған «Астана-1964»-тің капитаны ретінде демеушілерден көмек сұраймын. Астананың бас командасы қолдауға зәру.

– Сұхбатыңызға рахмет, Дидар! Командаңызға тек сәттілік тілейміз!


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика