Поляктар ұзақ қамданды
Бұл ХІІІ әлем чемпионатының жеті жолдамасының бірі сарапқа салынған маңызды матч болатын. Жеті жұптың әрқайсысындағы екі кездесуден тұратын ойындардың алғашқылары бүгін өтті.
Қазақстан және Польша құрамалары арасындағы бірінші матчтың ысқырығы поляк жерінде безілдеп, шектен тыс тартысты ойын 1:1 есебімен аяқталды.
Польша құрамасы бұл ойынға тиянақты дайындалыпты. Екі апта бойы жаттығу жиынын өткізіп, Қазақстан құрамасының елде жоқ тактикасына қалай төтеп беру керек екендігін мейілінше саралаған. Әрі осыдан бірер күн бұрын өздерінің де біздің құраманы таңдандырарлықтай құпиялары бар екендігін меңзеген болатын...
Қазақстан құрамасы болса, бұл жолы бір аптадай ғана дайындалды. Бәлкім, бапкерлер алқасы футзалшыларымыздың жақында ғана Еуропа чемпионатында ойнағандықтарын ескеріп, жүктемені көбейте бермеуді де ойлаған болар. Әйтеуір, Алматыда біраз тер төгіп, батысты бетке алды, яғни Польшаға жол шекті. Әйтсе де, Щецинде жаттығу жұмыстарын жалғастырып, дайындықтарын пысықтап алды.
Гол соққан – тағы да Серік Жаманқұлов
Ойын өте тартысты өтті. Қызықты матч екі құраманың алма-кезек шабуылымен басталды. Осындай қауіпті шабуылдардың бірінде Серік Жаманқұлов өзінің Сербиядағы Еуропа чемпионатында үздік сұрмергендердің бірі болғаны кездейсоқ жәйт емес екендігін дәлелдеп, есеп ашты.
Сербиядағы Еуропа чемпионатындағы бес ойында алты гол соққан, яғни матч сайын алаңнан гол соқпай кетпеген Серік бұл жолы да сол «дәстүрін» мен «әдетінен» жаңылған жоқ...
Лео шірене тепкен доптың бағытын қас-қағым сәтте, асқан шеберлікпен өзгерте қойып, Польша қақпашысын қапы қалдырды. Есеп – 0:1. Қонақтар, яғни қазақтар алда!
Екінші таймда поляктар қарқындарын үдетті
Екінші таймда Польша құрамасы тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қарқындарын үдетіп, біздің құраманы қыспаққа ала түсті. Әрі Қазақстан құрамасын таңдандырмақ болған тактикаларын да қолданды.
Қақпашыларының орнына №6-ыншы футзалшыларын шығарып, бесеулеп шабуылдауға көшті. Әлгі алтыншы нөмірлі Мацей Мизгайскидің соққысы тау құлатарлықтай қуатты екен, біздің қақпаны алыстан төпелеп, теңбіл допты шірене тебумен болды.
Әрине, біздің футзалшылар да қарап қалған жоқ. Қарсы шабуылдарымен Польша құрамасының қорғанысын піспектеп бақты. Осылай екі команда да тізгіндерін тартпай, айылдарын жимай, табан тіресе «шайқасты».
Ойынның соңғы минутында Польша құрамасының бағы жанып, таразы басын теңестірді. 40 минут бойы шүмектетіп төккен терлері зая кетпей, гол соғып, жанкүйерлерін риза қылды.
Әрине, біздің жігітердің жеңісті есепті соңғы секундтарда уыстарынан шығарып алғаны – өкінішті. Әйтсе де, жабырқаудың қажеті жоқ. Қарымта матч екі аптадан кейін Алматыда өтеді. Сонда Қазақстан футзалшылары жеңіске жетіп, әлем чемпионаты жолдамасын еншілеулері керек. Оған күмәніміз жоқ. Жігіттерге кәміл сенеміз.
Польша – Қазақстан – 1:1
Голдар: Жаманқұлов, 3:14 (0:1). Миколаевич, 39:33 (1:1).
Польша: Кжыска, Наврат – Кубик, Заставник, Миколаевич, Кризель, Кравчик, Патер, Войцеховски, Мизгайски, Солецки, Лютецки, Марек, Гладчак.
Қазақстан: Игита, Шамро – Жаманқұлов, Нұрғожин, Лео, Довгань, Дуглас, Сүлейменов, Кнауб, Гребонос, Пенгрин, Першин, Таку, Мун.
Төрешілер: Камил Четин, Озан Сойкан, Сабит Селви (бәрі де – Түркия).
Щецин. «Азоты Арена»
Қақпаға бағытталған соққылар: 30 – 31
Тура соққылар: 7 – 13
Қиыс кеткендері: 15 – 11
Тойтарылған соқылар: 8 – 7
Қонақтар үстемдік құрды...
Негізі, бүгін тағы да алты ойын өтіп, Еуропаның ең үздік құрамалары әлем чемпионаты жолдамаларын сарапқа салды. Естеріңізге сала кетейік, футзалдан ХІІІ әлем чемпионаты биыл күзде, яғни 4 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбияда өтеді.
Сонымен, қалған алты жұптағы бірінші матчтар төмендегідей нәтижелермен аяқталды:
Словения – Испания – 1:0
Словакия – Украина – 0:6
Сербия – Португалия – 1:2
Беларусь – Ресей – 1:4
Нидерланд – Әзірбайжан – 1:5
Венгрия – Италия – 0:3