«Астана» – «Шахтёр» 2:1 (0:1)
Голдар: Уббинк 8 (0:1), Деспотович 47 (1:1), Нөсербаев 62 (2:1)
Ескерту: Байжанов 61
«Астана»: Эрич, Аничич, Каньяс, Твумаси (Жақыпбеков 90+2), Деспотович, Максимович, Бейсебеков, Шомко, Мужиков (Щеткин 72), Нөсербаев (к) (Гурман 81), Логвиненко
Резерв: Мокин, Дүйсен, Постников, Күлбеков, Шаихов, Наджарян
«Шахтёр»: Ткачук, Уббинк (Финонченко 87), Арзуманян, Курилов, Сзоке, Зенели (Ветров 73), Нұрыбеков, Габышев, Пикалкин, Байжанов (к), Скорых (Ермеков 79)
Резерв: Багинский, Садовничий, Горячий, Дубков, Өміртаев, Васильев,
Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Богданов (Семей), Ысқақов (Қостанай)
12 наурыз 2016 ж. Астана. «Астана Арена». 5000 көрермен.
Бірінші турдан кейін-ақ осындай қорытындыға келіп отырғанымыз үшін сөкпеулеріңізді сұраймыз. Біз тек түйгенімізді жазамыз ғой. Шынтуайтында «Астанаға» дәл қазір елімізде лайықты қарсылас жоқ. «Ақтөбенің» түрі анау: қарыздан қарыз және қажетті ойыншыларын енді сынап жатыр. «Қайрат» та қарық болып жатқан жоқ. Әуселесін Суперкубокта-ақ байқағанбыз. 120 минут бойы елордалықтар қақпасына бір мардымды шабуылын өткізе алмаған еді. Тек пенальтиде ғана жолы болып, музейін аталмыш жүлдемен толықтыра алды. Ал енді «Таразға» барып, «таяқ жеп» қайтты. «Ордабасыны» елордалық клубқа тойтарыс береді дей алмаймыз. Олар өздерінің бірінші ойындарын ертең өткізеді. Дегенмен, білетіндер қысқы оқу-жаттығу жиындарында шымкенттік команданың шикіліктері көп болғанын айтады.
Міне, осылардың жанында қазір «Астана» бір адым болса да алда тұр. Суперкубоктық ойында «Қайратты» әбден «қансыратып» барып, соңында кубокты өз қолдарымен бере салған еді. Бүгін Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен тізерлетті. Тіпті, бізге «астаналықтардың» бір аяқтарын байлап қойса да, «кеншілер» командасын жеңіп кететіндей көрінді. Иә, Станимир Стойлов шәкірттері қарсыласынан бір бас жоғары болғанын көзімізге көзілдірік кимесек те байқаған еді.
Рас, бірінші болып голды соққан қонақтар. Күтпеген жерден тамаша мүмкіндікке ие болған голландиялық Деслей Уббинк алаң иелерінің қақпасына «снарядты» әдемі тоғытты. Бұдан кейін «Шахтер» қақпашысы Сергей Ткачукте тыным болған жоқ. «Астана» ойыншылары допты қақпаға олай да тепті, бұлай да тепті. Бірақ, бірінші таймда доп қақпаға дарымай-ақ қойды. Есеп тек екінші таймда ғана теңесті. Патрик Твумасидің әуелете асырған пасын Джордже Деспотович қақпаға баспен дәл тоғытып, таразы басын тең етсе, қорғаушылардың өрескел қателігінен кейін Таңат Нөсербаев жеңісті елордалықтарға жұлып әперді. Қорытынды есеп – 2:1, бірақ «Астана» ойынға шындап кірісіп, қажетсіз жерде қолдарын қалталарына салып жүрмей, өздерінде болған бар мүмкіндікті голға айналдыра алғандарында, онда ірі есептің тіркелуі ғажап емес еді.
Әйтсе де, елордалықтарға әлі де күшею қажет. Бірінші ретте шабуылын түзеу керек. Әйтпесе, бір ғана Деспотовичпен қиын болмақ. Өйткені, Таңат Нөсербаев пен Патрик Твумаси қанша дегенмен таза шабуылшы емес. Сондай-ақ, жартылай қорғаныстың қос қапталына да ойран салатын ойыншылар қажет-ақ. Және де, бір әккі қорғаушы артықтық етпес еді. Мұны бас Станимир Стойлов та жақсы түсінеді. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында сөз алған ол 3 сәуірге дейін әлі уақыт бар екенін, ойыншыларды қарастырып жатқандықтарын жасырмады.
– Трансферлік маусым әлі аяқталған жоқ. Бізге бір жақсы шабуылшы керек еді. Қазір селекционерлер осы мәселемен айналысып жүр. Сонымен қатар, біздің әлі екі легионер алуға құқығымыз бар. Маусым ұзақ және 3 сәуірге дейін уақыт бар. Сондықтан, біз команданы шынымен де күшейте алатын, Чемпиондар лигасында көмектесе алатын ойыншыларды қарастырамыз, - деді Станимир Стойлов.