Вернуться к списку статей

Қазақстан Суперкубогы. "Қайрат" "Астанадан" қаймыға ма?

Футбол
2K
Қазақстан Суперкубогы - 2016
Қай команда жаңа маусымның тұсаукесер ойынын өз пайдасына шешіп, бас жүлдеге қол жеткізеді? Жалпы қайсысының әлеуеті зор? Маңызды матчтың қарсаңында осы жөнінде ой қозғауды жөн көрген едік.

Наурыздың 8-і күні, яғни халықаралық әйелдер күнінде елордамыздың «Астана-Аренасында» Қазақстан Суперкубогы өтеді. Алаңға өткен жылғы ел чемпионы «Астана» мен ел кубогының соңғы иегері «Қайрат» шығады. Қайсысының асығы алшысынан түсер екен? 

Жетістіктер

Әлбетте, кеше ғана құрылған клуб пен 60 жылға жуық тарихы бар команданың жетістіктерін салыстырып, бір-біріне қарсы қойған дұрыс емес. Алматының «Қайраты» КСРО дәуірінде-ақ талай талантты түленткен алпауыт клуб болатын. Бүкіл Кеңес одағына аты машһүр болып, Мәскеудің «ЦСКА», «Спартактарымен», Киівтің «Динамосымен» терезесі тең дәрежеде текетірескен. 1988 жылы КСРО футбол федерациясының кубогын жеңіп алған. КСРО Бірінші лигасында екі мәрте жеңімпаз атанды. Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жетістіктері де аз емес. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, жеті рет кубокқа қол жеткізген. Мұнша рет ел кубогын елімізде әлі бірде бір команда ұтып көрген жоқ. Ал «Астана» өзінің бірінші чемпиондығына 2014 жылы ғана қол жеткізді. Дегенмен, елордалық клубтың 2009 жылы құрылғанын ескеріп, екі команданың содан бергі жетістіктерін салыстырып көрейікші. «Астана» ел чемпионатын, Қазақстан кубогы мен Суперкубогын екі реттен жеңіп алған. Ал «Қайраттың» еншісінде екі ел кубогы және Қазақстан чемпионатының күмісі мен қоласы. Еурододаның екі клуб үшін қалай өрбігенін өздеріңіз де білесіздер.

Өзара текетірес

Былтыр Чемпиондар лигасына топтық кезеңіне шыққан тұңғыш қазақстандық клуб атанған «Астана» сол жетістіктің арқасында УЕФА рейтингінде бірден 309-орынға көтерілді. «Қайрат» та былтыр еурододада жаман ойнаған жоқ. Еуропа лигасының соңғы електік кезеңіне жетіп, Францияның әйгілі «Бордосынан» сүрінді. Кім біледі, егер топтық кезеңіне жеткенде рейтингтегі орны жөнінен елордалықтарды артта қалдыратын ба еді?! Ал әзірге 368-ші сатыда. Жалпы, ел футболының тарихында «Астана» мен «Қайрат» чемпионат пен кубоктық ойындарды қосқанда барлығы 21 рет өзара кездесіпті. Соның 10 ойыны «Астананың» жеңісімен аяқталған. Жетеуінде командалар итжығыс түсіпті. Тек төртеуі ғана алматылықтардың пайдасына шешілген. Сәйкесінше гол айырмашылығы да елордалықтар жағында – 37:24. Айтпақшы, «Астана» жеңсе, оңдырмай жеңетіні бар. Есімізде, 2011 жылы «Қайрат» сол кездегі Хольгер Фах командасының алты голына бір-ақ тура соққымен жауап қайтарған. Одан кейін 2014 жылы арты дауға ұласқан «Астана-Аренадағы» «чемпиондық» матчта 5:1 есебі тіркелгенін де әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал «Қайрат» осы уақытқа дейін елордалықтардың қақпасына әлі екеуден артық гол соғып көрмепті. Осы статистикаларды ескере отырып, «Қайрат» алаңға «Астанадан» сескеніп шығады деген қорытындыға келуге болатын шығар. Былайша айтқанда, алматылықтардың елордалықтардың алдында комплексі бар.

Былтырғы маусым

Өткен маусымда «Астана» ел чемпионы атанса, «Қайрат» Қазақстан кубогын жеңіп алды. Біріншілікте алматылықтар Станимир Стойлов командасын бір ғана ұпайға алға жіберіп, екінші орынмен аяқтаған. Есесіне кубоктық бәсекенің финалында өткен өзара текетіресте жеңісті өз еншілеріне жазған.

Былтыр командалар өзара барлығы алты кездесу өткізіпті. Соның үшеуінде солтүстіктің командасы жеңіске жетсе, қалған үшеуі оңтүстік жігіттерінің пайдасына шешілген. Бірақ кубоктық доданың финалын айтпағанда қалған маңызды ойындардың барлығында жеңіске елордалықтар жетіп отырған.

Команда құрамы

Екі клуб та жаңа маусымда алаңға шығатын ойыншыларының құрамын жариялады. Былтырғымен салыстырғанда елордалықтардың құрамы едәуір өзгерген. Елдос Ахметов, Бранко Илич, Георгий Жуков, Фокси Кетевоама, Жуниор Кабананга, Бауыржан Жолшиев сынды ойын барысын кез-келген минутта күшейте алатын жігіттер бүгінде командада жоқ. Шыны керек, олардың орындарын жоқтатпайтын ойыншыларды да алмаған. Рас, «Қайраттан» Джордже Деспотович келді. Дегенмен, жалғыз серб кеткен футболшылардың «жыртықтарын» жамай ала ма? «Қайратта» да өзгеріс жоқ емес. Жоғарыда аталған Джорджеден бөлек, Заурбек Плиев, Бауыржан Байтана, Ұлан Қонысбаев сынды жігіттер кетті. Ал ең бастысы, алматылықтардың бас бапкері өзгерген. Ресейлік маман Александр Бородюк клубқа бірден Суперкубокты алып бере ала ма? Оны ертеңгі ойында көре жатармыз.

Басты лидерлері

Былтыр «Астана» сапында ең көп ойын өткізген ойыншы Фокси Кетевоама болды. Дегенмен, елордалықтардың ойынында көп нәрсе Орталық Африка Республикасының «қара маржанына» емес, Колумбияның қара торы жігіті Рохер Каньясқа байланысты. Орталық жартылай қорғаушының шебінде ойнайтын Каньяс допты тартып алудың да, әдемі пастар шығарудың да хас шебері және алаңда тынбай жүгіретіндердің қатарынан. Сондай-ақ, қажет кезде гол да соға алады. Алаңда қорғаушыларға жақынырақ орналасқанына қарамастан былтырғы ел чемпионатында сегіз гол соғып үлгерген. Одан бөлек, «Астана» сапынан «Қайратқа» Таңат Нөсербаевтaн де қауіптену қажет. Өйткені, «Қайрат» Нөсербаевтың ең сүйікті клиенті. Алматылықтар қақпасына барлығы алты гол соғып, өзара текетірестің үздік сұрмергені болып тұр екен. Былтыр Владимир Вайсстың командасын чемпиондықтан айырған да осы жігіт. Сонымен қатар, «Астананың» қысқы маусымаралық ойындарында Джордже Деспотович өте белсенді болды.

Ал «Қайрат» сапында былтыр ең көп өткізген ойыншы – Тимур Рудосесльский. Дегенмен, оны команданың көшбасшысы деп айта алмайсыз. Бір жағынан тым жас, екінші жағынан қорғаушы. «Қайраттың» ойыны көбінесе Анатолий Тимощук пен Бауыржан Исламханға байланысты. Бірі допты тартып алудың хас шебері болса, екіншісі әдемі пастардың майталманы. Рас, былтыр Тимощук алматылықтар үшін ел чемпионатында небәрі 10-ақ ойын өткізген. Дегенмен, өзі ойнаған ойындардың барлығында жасыл алаңда кәнігі көшбасшы болып, командасының моторына айналды. Бұлардан бөлек, «Қайратта» болмашы жерден гол туғызатын Жерар Гоу да бар. Бірақ Гоудың гол соғуы үшін Батори бабында болу қажет.

Жеңіс қайсысына қажетірек?

Маусымның алғашқы матчы болғандықтан қай-қайсысы болмасын жылды жеңіспен бастағысы келетіні анық. Сондықтан, мынаған қажет, анаған керек емес деп айта алмаймыз. Бәрі де кубокты бастарынан асыра көтергілері келеді. Бірақ бірінші ойын кімге болмасын оңай болмайды. Мұндай текетіресте барлығын бір қателік, жалғыз гол шешіп кетуі әбден мүмкін. Яғни, бірінші болып голды кім соқса, сонысы жеңіске жетпек. Мәселен, аталмыш командалардың Суперкубок жолындағы былтырғы таласы пенальтиге дейін созылып, жеңіс «Астанаға» бұйырған. Бірақ, бір жағынан қарсыласына қарағанда «Қайрат» бұл жүлдеге шөліркеулі. Оңтүстік астаналықтардың еншісінде әлі бірде-бір Суперкубок жоқ. Сондықтан, Қайрат Боранбаев клуб музейін аталмыш кубокпен толықтырғысы келетіні анық. Олармен салыстырғанда «Астана» бұл жүлдеге екі рет ие болған екен.

Мамандар не дейді?

«Мұндай матчтарда қайсысы жеңіске жететінін болжау өте қиын. Фаворитті анықтау мүмкін емес» - деді текетірес алдындағы баспасөз мәслихатында «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов.

«Маусымның бірінші матчы болғандықтан мұндай кездесулерде ойын барысы қалай өрбитінін айту қиын», - деді өз кезегінде «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Александр Бородюк.

Иә, екі бапкер де фавориттің кім екенін айта алмай отыр. Дегенмен, елімізге белгілі сарапшы Юсуп Шадиев «Қайраттың» жеңісіне сенімді секілді. «Өйткені, алматылықтар былтырғы құрамын сақтап қалды», - деген аргументті келтірді Юсуп Алаудинович. Әлбетте, Шадиевті түсінеміз, туған командасы болған соң аздап «Қайратқа» бүйрегі бұрып тұр. Ал букмекерлер «Астанаға» төмендеу коэфициентпен бәс қабылдауда. Олардың пікірінше елорда командасы үшінші рет Суперкубокты жеңіп алуы мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика