«Астана-Тұлпар» – «Никарс» – 5:3
«В» тобында додаға түскен «Астана-Тұлпар» бүгін Латвияның «Никарсымен» кездесескен болатын. Әрине, «Никарс» кешегі «Синара» клубындай азулы емес. Әйтсе де Алматыға жеңісті қолдан беруге келген «саяхатшылар» емес екені анық.
Әрі «Никарс» сапында Қазақстан мамандары мен жанкүйерлеріне таныс бірнеше ойыншы бар. Мысалы, бразилиялық Фумаса бұрын «Қайрат» сапында үш маусым ойнаған (2011-2014 жж). Ал Вассура кезінде «Мұнайшы» клубының сапында өнер көрсеткен.
Тағы бір қызығы, Латвия клубының қазіргі қақпашысы, серб Неманья Момчилович былтыр жазда Қарағанды клубына келген. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмай, кері кеткен.
Сонымен қатар, «Никарс» клубын Португалияның көпшілікке танымал маманы Орланде Дуарте жаттықтырады. Құрамында бес легионер ойнайды.
Негізі, «Астана-Тұлпар» бүгінгі ойынды аса жоғары қарқында бастады. Өрнекті ойын үлгісін көрсете отырып, бес гол соқты. Бірақ ойынның аяғында өздеріне-өздері қиындық туғызып алды.
Вассура екі рет алты метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындап, екі голдың авторы атанды. Ал 10-метрлік айып соққысын орындағанында, допты Қарағанды қақпашысы кері қайтарғанымен, Пастарс қайыра соғып, есепті мейілінше қысқартты.
Ойын осылай аяқталып, «Астана-Тұлпар» екінші рет жеңіске жетті. Бірақ белді ойыншыларының бірі Арнольд Кнауб алаңнан аластатылып, жартылай финалда ойнай алмайтын болды. Ал Александр Довгань жарақат алып қалды. Сөйтіп, Қарағанды клубы маңызды матч алдында екі ойыншысынан айырылып қалды.
«Астана-Тұлпар» – «Никарс» – 5:3 (1:0)
Голдар: Мун, 2 (1:0). Роджер, 31 (2:0). Күкімбаев, 32 (3:0). Пенгрин, 35 (4:0). Болинья, 44 (5:0). Вассура, 47-пенальтиден (5:1). Вассура, 47-пенальтиден (5:2). Пастарс, 50 (5:3).
«Астана-Тұлпар»: Реннан, Перемышлин (к) – Мун, Болинья, Довгань, Витор Уго, Гребонос, Роджер, Кнауб, Пенгрин, Күкімбаев, Таку.
«Никарс» (Латвия): Момчилович, Астраханцев – Пастарс, Алексеев (к), Сенс, Фумаса, Диаквнишвили, Аванесов, Колесников, Бабрис, Забаровский, Архипов-Прокофьев, Вассура, Икстенс.
Төрешілер: Кадыков (Ресей), Валяев (Қазақстан)
«Қайрат» – «Норильский Никель» – 5:3
«Қайрат» бүгін Ресейдің «Норильский Никель» деген клубымен додаға түскен болатын. Алматы клубының да белді ойыншыларының екеуі қатардан шығып қалған. Шыңғыс Есенаманов өз жеріміздегі Еременко кубогына мүлде қатыса алмаса, Дуглас «Тюмень» клубымен өткен бірінші ойында жарақат алып қалған.
«Қайрат» бүгін де ойынды орташа қарқында бастады. Құдды, қарсыласына мүмкіндік беріп, әуселесін сынап көрейін дегендей...
Бірақ ойын аяғына қарай қарқынын үдетіп, жеңіске жетті. Әрине, «Қайрат» қарсыласына зор құрметпен қарайды. Азулы команде екенін біледі. Десек те, жеңіске жету үшін қанша күш-жігер қажет, сонша ғана жұмсап, жартылай финал мен финалды көбірек ойлайтындай.
Бір қызығы, бұл ойында екі голды «Қайраттың» қақпашылары соқты. Ронкальо де, Игита да алаң ортасымен алға қарай ентелеп, жолдарын ешкім бөгемей, басқа ойыншылардың аңдып тұрғанда, шірене тартып, теңбіл допты Ресей клубы қақпасында тулатты...
«Қайрат» – «Норильский Никель» – 5:3 (2:2)
Голдар: Аносов, 8 (0:1). Ронкальо, 10 (1:1). Нұрғожин, 11 (2:1). Давыдов, 23 (2:2). Волков, 33 (2:3), Игита, 37 (3:3). Диваней, 45 (4:3). Эвертон, 50 (5:3).
«Қайрат» (Алматы): Ронкальо, Игита, Гуров – Эвертон, Жаманқұлов, Игор, Сүлейменов (к), Лео, Першин, Дрот, Диваней, Нұрғожин, Барон.
«Норильский Никель» (Норильск, Ресей): А.Попов, Белов (к) – Гордеев, Давыдов, Анисимов, Погорелов, Аносов, Пономарёв, Шамсутдинов, Куманькин, С.Попов, Волков, Филиппов, Фёдоров.
Төрешілер: Михеев, Неверов (екеуі де – Ресей)
Ертең «Қайрат» пен «Астана-Тұлпар» дем алады. Екеуінің де жартылай финалда кездесетін қарсыластары үшінші күнгі ойындарда анықталады.