Қ
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион
1986 жылдан бері даңқты бабамыздың есімімен аталады. Негізі бұл стадион 1936 жылы салынған. 1998 жылы қайта өңдеуден өткен. Киелі стадионның бұған дейінгі атаулары:
«Локомотив» (1938-1951), «Искра», «Буревестник», «Еңбек», «Торпедо» (1951-1964), «Динамо» ДСҚ (1964-1974), «Энергия» (1975-1986).
Л
Лашын Аймағамбетов
Астана қалалық футбол федерациясының президенті – Лашын Аймағамбетов.
М
Мартьян Георгий Маркович (7.08.1948)
КСРО тұсындағы Астана футболы тарихында ең көп гол соққан ойыншы. 1976-1983 жылдары «Целинниктің» намысын қорғап, КСРО чемпионаттарында (ІІ-лигада) 226 ойын өткізіп, 152 гол соққан.
Георгий Мартьян – бір маусымда кем дегенде 10 голдан соғып отырған нағыз сұрмерген. Оның есебінде осындай 11 маусым бар. КСРО футболының барлық эшелондарындағы (лигаларындағы) сұрмергендер тізімінде ол 10-орында, тіпті О.Блохиннің өзінен бес саты жоғары тұр.
Кейіннен Германияға көшіп кеткен.
Н
«Намыс»
2009 жылы Астана футбол клубы осылай аталды. «Намыс» аталған жылы ел чемпионатының І-лигасында додаға түсіп, үшінші орынмен шектелген болатын.
ң
«ЖеҢіс» деген клуб болған (1999-2005). Бірақ қазір Астанада бұл команда да жоқ, қазақ әліпбиінде «ң» қаріпінің бас әріпі де жоқ...
О
Орден
2015 жылдың аяғында, нақтырақ айтқанда, Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана футболының көрнекті тұлғалары мемелекет тарапынан марапатталып, жоғары сый-құрметке ие болды. Атап айтқанда, «Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов «Құрмет» орденімен марапатталса, «Астана» ПКСК (Президенттік кәсіби спорт клубы) Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дархан Қалетаев «Парасат» орденін өңірінде жарқыратты. Сондай-ақ, «Астана» футбол клубының капитаны Таңат Нөсербаев «Ерен еңбегі үшін» медальімен марапатталды.
Қысқаша энциклопедиямыздың алдағы бөлімдерімен мына сілтемелер арқылы таныса аласыздар: Бірінші бөлім. Екінші бөлім. Үшінші бөлім. Жалғасы бар...