Бүгін, сәрсенбіге ауған түн қараңғысында, Қазақстан ұлттық құрамасы Италия футзалшыларымен кездеседі.
Белградта өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалдық ойындары бүгін түнде тәмамдалады. Ширек финалдық төртінші жұпта, яғни алаңға ең соңғы болып Қазақстан және Италия құрамалары шығады.
Ширек финалдағы қарсыласымыз – өте азулы команда. 2014 жылы Бельгияда өткен соңғы Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанып, алтынмен апталған. Сондықтан Сербиядағы кезекті додада «Құрлық чемпиондары» мәртебесінде бақ сынап жатыр.
Еуропаның екі дүркін чемпионы екенін (2003 және 2014 жылдардағы), сондай-ақ 2007 жылы күміс жүлдегер атанып, үш мәрте (1999, 2005 және 2012 жылдары) қола жүлдеге ие болғандарын жазғанбыз.
Мұны аз десеңіз, 2004 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, екі мәрте (2008 және 2012 жылдары) қола жүлде еншілеген.
Биылғы Еуропа чемпионатындағы қарқындары да – адам сүйсінерліктей. «D» тобын екі ойын өткізіп, Әзірбайжан футзалшыларын 3:0 есебімен, ал Чехия құрамасын 7:0 есебімен қирата жеңді. Өз қақпаларына бірде-бір гол жіберген жоқ, әлі! Қорғанысы – берік, шабуылы – жойқын, қақпашысы – сенімді.
Осындай азуы алты қарыс құрама қазақтың сайын даласынан келген жас командадан бүгін емтихан қабылдайды...
Қайсысы жеңеді, кім тазы болып шалады? Италия құрамасының тіс қаққан «сарбаздары» жеңе ме, Қазақ елінің жанкешті «жауынгерлері» сан соқтырып кете ме? Роберто Меникеллидің тәжірибелі командасы басымдық таныта ма, Какаудың елде жоқ тактикасы ұжмаққа жеткізе ме? Апеннин түбегінің тарландары тайтаң қаға ма, Хантәңірі қырандары қапысын таба ма?..
Мұның жауабын сейсенбіден сәрсенбіге ауған түн қараңғысында, сағат 02:00-де басталатын ойында білеміз. Бір анығы, жеңіске жеткен команда ғана ортаға шығып, асыр салып, би «билейді»: Гальярданы ма, әлде Қаражорғаны ма?..
Ал кеше ширек финалдық ойындардың екеуі өтті:
Сербия – Украина – 2:1
Испания – Португалия – 6:2
Бүгін екі ойын:
Ресей – Әзірбайжан – ?
Қазақстан – Италия – ?