Вернуться к списку статей

Ширек финалда Еуропа чемпионымен шайқасамыз

Футбол
2K
Фото uefa.com сайтынан
Біздің жігіттер Италия құрамасының ерен жетістіктерінен үркіп отырған жоқ. «Доп домалақ, қалай қарай домалайды, оны тек ойын көрсетеді» деп, «жер тарпып» отыр...

Футзалдан Белградта өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының топтық ойындары толықтай тәмамдалды. «С» тобында екінші орынға ие болған Қазақстан ұлттық құрамасы ширек финалда азуын айға білеген Италия құрамасымен кездесетін болды.

Өз тобымызда екінші болдық

«С» тобындағы соңғы ойында Ресей және Хорватия футзалшылары кездескен. Ресей құрамасы екі немесе одан да артық доп айырмасымен ұтылмаса болды, бірінші орынды иеленді. Ал хорватарға, керісінше, кем дегенде екі доп айырмасымен ұту керек. Сонда ғана ширек финалға шығады. Ал біздің футзалшылар бұл ойын қалай аяқталса да, келесі кезеңге өтеді. Тек қай орынмен, сол ғана белгісіз болды.

Ал Ресей – Хорватия кездесуінде көпшілік күткендей, орыс футзалшылары ұтылған жоқ. Бірақ хорват қырандарының да жанкештіліктерін атап өтуіміз керек. Бұл ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

1. Ресей – 4 ұпай

2. Қазақстан – 3 ұпай

3. Хорватия – 1 ұпай

Ширек финалдағы қарсыласымыз – Италия құрамасы

Енді Қазақстан құрамасы Құрлық чемпионатының 1/4 финалында Италия құрамасымен кездеседі. Екі дүркін Еуропа чемпиондары Белградтағы біріншілікті «D» тобында бастаған. Әзірбайжан құрамасын 3:0 есебімен, ал Чехия футзалшыларын 7:0 есебімен күйрете жеңген. Сөйтіп осы үштікте қарсылас шақ келтірмей, көш бастады.

Жалпы, Италия футзалшылары Еуропа чемпионатының финалдық додасына 1996 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Екі рет чемпион атанып (2003 және 2014 жылдары), 2007 жылы күміс жүлдегер атанған. Үш мәрте (1999, 2005 және 2012 жылдары) қола жүлдеге ие болып, 1996 және 2001 жылдары төртінші орынды қанағат тұтқан.

1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионаттарындағы жетістіктері де ауыз толтырып айтуға боларлықтай. 2004 жылы финалға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізген. Екі рет (2008 және 2012 жылдары) қола жүлдегер атанған.

Әйтсе де, біздің жігіттер Италия құрамасының осындай ерен жетістіктерінен үркіп отырған жоқ. «Доп домалақ, қалай қарай домалайды, оны тек ойын көрсетеді» деп, «жер тарпып» отыр. Ресей құрамасымен тайталасып, Хорватия футзалшыларын жеңген соң, өз мүмкіндіктері мен қабілетеріне деген сенімділіктері артып, соңғы Еуропа чемпиондарына намысты қолдан бермеуге бекініп жүр.

Жартылай финал жолдамаларын сарапқа салатындар

Сонымен Еуропа чемпионатының финалдық додасына іріктеліп шыққан 12 құраманың сегізі ширек финалға шығып, қалған төртеуі үйлеріне қайтты. Ал жартылай финал жолдамалары мына жұптарда сарапқа салынатын болды:

8.02.2016

Сербия – Украина

Португалия – Испания

9.02.2016

Ресей – Әзірбайжан

Қазақстан – Италия

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика