28 жастағы футболшы шабуыл өтінде де, қапталдағы жартылай қорғаушы ретінде де ойнай алады екен. Соңғы екі маусымда Румынияның «Газ-Метан» клубы сапында өнер көрсеткен. Дәл қазір ол – Румыния чемпионатының ең үздік сұрмергені. 20 ойында 16 гол соққан.
«Астана» Чемпиондар лигасында ойнайтын болған соң Қазақстан клубына ауысуға келісім бергенін өзі де айтып жүрген көрінеді. Әйтпесе, оған басқа да (мәселен, Түркия және Польша) клубтарынан да ұсыныс түскен екен-дүр.
Әрі «Астанаға» еркін трансфер негізінде ауысыпты. Өйткені оның Румыния командасымен екеуара келісімшартында «белгілі бір уақыттан кейін шетелдік клубқа тегін ауысуға мүмкіндік беретін бап (келісім) бар болып шықты», – деп жазады «Астана» клубының ресми сайты.
Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылғы маусымда «Астана» құралайды көзге атқан сұрмергенге зәру болды. Ел чемпионатында «Қайрат» пен «Ертістен» де аз гол соқты. Енді бірінші кезекте шабуыл өтін күшейтіп жатыр. Бұған дейін команда сапына Роман Мұртазаев алынған болатын...
* * *
«Астана» кеше 28 жастағы Македония футболшысы Агим Ибраимиді трансферге қойғанын ресми түрде жариялаған болатын. Енді ол елорда клубы сапында ойнамайды.
Клубтың Бас менеджері Саян Хамитжанов Агимнің деңгейі жоғары футболшы екендігін айрықша атап өтіп, командаға тез сіңіп кеткеніне де көңіл бөліп, тек жиі жарақаттанып қала беретіндігін ашық айтқан.
«Астанаға» биыл маусым ортасында келсе де, ойнағанынан емделгені көп болған сияқты. Сондықтан бапкерлер құрамы бұл футболымен қош айтысуды жөн санапты. Ал «кәсіби деңгейіне ешқандай өкпе арта алмаймыз» деп, оған сәттілік тілеп, алғыс жолдаған...