Суперкубок Алматыда өтеді
Жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан Суперкубогы келесі жылдың көктемінде Алматы қаласында өтетін болып шешілді. Естеріңізге сала кетейік, Суперкубокқа чемпион мен ел кубогының иегері таласа алады. Бізде биыл бұл екі мәртебелі жүлдені де «Астана» жеңіп алған. Дегенмен, мұндай жағдай үшін Регламентте былай деп жазылған: «Егер Чемпиондық және Ел кубогының иегері бір командаға бұйырса, Қазақстан Суперкубогына Премьер-лиганың бірінші және екінші командалары таласады». Яғни келесі көктемде Алатаудың баурайында елорданың «Астанасы» мен Алматының «Қайраты» кездеседі.
Легионерлерге байланысты дау көп
Легионерлерге байланысты ереже өзгеріссіз қалды. Әр команда құрамына сегіз легионер тіркеп, оның алтауын бір мезетте алаңға шығара алады. Дегенмен, осы күнге дейін Қазақстан футболында легионер ретінде доп теуіп келген Ненад Эрич, Евгений Постников, Сергей Куцов, Вячеслав Котляр, Тарас Данилюк, Михаил Бакаев сынды тағы бірқатар футболшылардың арыздары қанағаттандырылып, олар енді біздің елде Қазақстан футболының түлегі ретінде ойнайтын болады. Кәсіпқой футбол лигасы ресми сайтының түсіндіруінше олар «Қазақстан футболының түлегі» ережесі қабылданға дейін біздің елдің азаматы болғандықтан арыздары қанағаттандырылыпты. Бір жағынан дұрыс шешім. Өйткені, Ненад Эрич біздің чемпионатта 2010 жылдан бері ойнайды. Қазақстан азаматтығы бар. Ал Сергей Куцовтың біздің елде доп теуіп жүргеніне тіптен 15 жылдан асты. Бір сөзбен айтқанда, «тастай батып, судай сіңіп кеткен» жігіттер.
Дегенмен, түсінбейтін бірнәрсе бар. Егер «Қазақстан футболының түлегі» ережесі қабылданғанға дейін Қазақстан азаматтығын алып, бірақ кейін кетіп қалған жігіттер біздің елге қайта келер болса, қайтпек? Мәселен, Алдин Джидич. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға ниеттенген босниялық футболшы 2014 жылы біздің еліміздің азаматтығын алған. Бірақ бас командамызға да шақырту алған жоқ, «Қазақстан футболының түлегі» деген санатқа да кірмеді. Сөйтіп, биылғы маусымның басында еліне кетіп қалған болатын. Міне, сол Джидич Қазақстанға қайта келер болса, легионер ретінде ойнай ма, әлде оған да жеңілдік жасала ма? Тағы бір мысал Заурбек Плиев туралы. «Қайратта» жүрген кезінде әупірімдеп жүріп Қазақстан азаматтығын алып алған ол біздің «көкқұжатымызды» аяққа таптап, еліне кетіп қалған-ды. Ол қайта келер болса ше?
Міне, легионерлерге байланысты түсініксіз жайттар көп. Тізе берсең, Джидичтер мен Плиевтердің қатары толыға бермек. Ал Кәсіпқой футбол лигасынан осының барлығына тұщымды жауаптар берсе, жанкүйерлер біраз мәселеден хабардар болып қалар еді.