Вернуться к списку статей

Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан құрамасында бапкерлер алмасты

Футбол
1K
Александр Кузнецов Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасын жаттықтырады
Қазақстан жасөспірімдер құрамасында бапкерлер алмасты. Енді 19 жасқа дейінгі жігіттерді Александр Кузнецов жаттықтырады. Бүгінге дейін бұл жауапкершілікті арқалап келген Серік Әбдуалиев қызметінен босатылды.

Серік Әбдуәлиев жасөспірімдерді үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері жаттықтырып келді. Ал Александр Кузнецов бүгінге дейін Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасының аға жаттықтырушысы қызметінде болған. Бозбалалармен биыл Шымкентте өткен Қазақстан Республикасының Президенті кубогында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған. Ресейдің «Зенит», Бельгияның «Стандард», Чехияның «Спарта» сынды клубтарында тәжірибесін толықтырып, футболдағы білімін шыңдаған. Алматыдағы «Еңбек» футбол мектебінің құрушысы.

Келесі жылы Александр Кузнецовты 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы күтіп тұр. Айта кетейік, 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Словакия, Уэльс және Түркия жеткіншектерімен 13-ші топқа түскен. Іріктеу додасы келесі күзде қарашаның 7-сі мен 13-і аралығында Антальяда өтеді. Әлбетте, қарсыластар оңай шағылар жаңғақ емес. Біздің жеткіншектер осы топтың аутсайдері болып саналады. Ал 2018 жылдың мамыр айында Англияда өтетін финалдық кезеңге әр топтан екі команда және үшінші орын алғандардың ішінде тек төртеуі ғана жолдама алады. Александр Кузнецов алдына жасөспірімдерімізді финалдық кезеңге шығару мақсатын қойып отыр.

Ал алдағы аптада аға бапкер жасөспірімдермен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жаңа жылдан кейін Ресейде өтетін Гранаткин мемориалына қатысатын құрамды іріктейтін болады.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика