Бұл жөнінде «Қайрат» футбол клубы Байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев өз твиттеріне жазды:
«Қарсы алыңыздар, “Қайрат” футбол клубының жаңа ойыншысы Георгий Жуков 3 (үш) жылға келісімшартқа қол қойды, шарт – Қазақстан құрамасында ойнайтын болады».
Естеріңізге сала кетейік, Жуков жақында Instagram-дағы жеке парақшасына «Голландиядан бекер кеттім. Кінәлі – тек өзім, мұны енді Тәңір ғана түзей алады» және «Жарты жылда, барлық ойындарда негізгі құрамда ойнадым, ал мында, мына Ебургте маған, “пас бергенде аяғыңды тым жоғары көтересің” дейді. Бала бақша», –деп жазған болатын.
Бұл, әрине, «Урал» клубы басшыларына ұнаған жоқ. Жуков әлгі жазбаларының екінші бөлігін жеке парақшасынан алып та тастады. Бірақ, сонда да, «Урал» клубы оны «Ебург» деген сөзі үшін кешіре алмағандай...
Содан Жуков соңғы турларда «Урал» сапына ілікпеді. Оған қосалқы құрам орындығынан да орын тимеді. Енді, міне, «Қайрат» клубында ойнайтын болыпты.
Айтпақшы, осыдан екі күн бұрын «Қайрат» футбол клубының ресми сайты «Тараз» және «Рубин» (Қазан) клубтарының түлегі, қазақстандық Максим Гладченкомен (19.04.97) төрт жылға келісімшартқа отырғандарын жариялаған болатын.