Вернуться к списку статей

"Ақтөбенің" жаңа бас бапкерінің айлығы кемінде 3,5 миллион теңге болады

Футбол
1K
«Ақтөбе» футбол клубы жаңа бас бапкерін тапты. Еліміздің бес дүркін чемпиондарын келесі маусымда украиналық маман Игорь Рахаев жаттықтырады.

Бүгін таңертең клуб директоры Мақсат Тумалиев журналистер мен жанкүйерлерге команданың жаңа жаттықтырушысын таныстырды. Одан кейін оған қазақтың шапаны жауып, клубтың мойынорағышын сыйлады.

– Шынын айтсам, маған бірінші рет ұлттық шапан жауып отыр. Сондықтан, толқынысымды баса алмай отырғаным рас. Әлбетте, мені басқа клубтар да шақырған. Украинаның, Молдованың командаларынан ұсыныстар түскен. Бірақ маған «Ақтөбенің» амбициясы ұнады. Әзірге қанша көмекшімді әкелерімді шешкен жоқпын. Бұл жағын қосымша талқылаймыз, - деді Игорь Владимирович. 

Бас бапкермен келісімшарт бір-ақ жылға жоспарланған екен. Бұл аралықта Игорь Рахаев команданы бұрынғы жетістіктерге жеткізе ала ма, жоқ па, ол жағын нақты айтуға әлі ерте. Сондай-ақ, оның алдына әлі нақты мақсаттар да қойылмаған. Ал жалақысы мұның алдындағы бапкер Юрий Уткульбаевтыкінен кем болмайды. Яғни кем дегенде 3,5 миллион теңге.

– Біз әлі бас бапкердің алдына нақты мақсаттар қойған жоқпыз. Алдағы бір-екі айда клуб бюджеті бекітілуі тиіс. Содан кейін бас бапкермен осы мәселеге байланысты қайта әңгімелесеміз де, нақты мақсаттар қоямыз. Неге бір ғана жыл? Өйткені, бас бапкермен бірден үш жылға келісімшартқа отыру біздің тарапымыздан да дұрыс болмас еді. Алдымен біз оның жұмысын көруіміз керек. Егер нәтижесі жақсы болып жатса, онда маусым ортасында келісімшартын тағы бір-екі жылға ұзартуға мүмкіндік болады. Жалақысы команданы бұған дейін жаттықтырған маман Юрий Уткульбаевтыкінен кем болмайды, - деді бас директор Мақсат Тумалиев. 

Тумалиев бас бапкердің нақты жалақысын жарияламағанымен Уткульбаевтың «Ақтөбедегі» айлығы 3,5 миллион теңгені құрағанын бұған дейін Дмитрий Васильев жариялап қойған.

Жалпы, айта кетуіміз керек, команданы алты жыл жаттықтырған Владимир Мухановтан кейін «Ақтөбеде» жаттықтырушы тұрақтайтын емес. Одан кейінгілердің бәрі де ары кетсе, екі ғана жыл қызмет етіп жүр. Владимир Никитенко мен Владимир Газзаев екі жыл жаттықтырса, Йоан Андоне мен Юрий Уткульбаевқа бір ғана жылдан мүмкіндік берілген. Осылардың ішінде тек Никитенко ғана командаға чемпиондық алып бере алған.

Ал Игорь Рахаевтың әлеуеттілігі жайлы айтуға әлі ерте. Рас, Харьковтың «Арсеналы» мен «Металлистін» жаттықтырды, Молдованың «Зарясын» баптады. Өзінің айтуынша, 28 жасынан бастап бас бапкерлік қызметтерді атқара бастапты. Дегенмен, бізде ғана емес, Украинаның өзінде бұл маманды көбінесе Мирон Маркевичтің көмекшісі ретінде таниды. 43 жастағы бұл маманның бас бапкер ретіндегі ең ірі жетістігі Молдова кубогы мен Украина чемпионатының қола жүлдесі.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика