Вернуться к списку статей

Қызылорданың қос командасы "Қайсар" мен "Байқоңыр" бас бапкерлерін алмастырды

Футбол
2K
Стойчо Младенов
Қызылорданың «Қайсары» бас бапкерін тапты. Команданы келесі маусымға болгариялық маман Стойчо Младенов дайындайтын болды. Сондай-ақ, Сыр елінің тағы бір командасы «Байқоңырда» да өзгерістер бар.

«Қайсар» мен Младенов 1+1 жүйесі бойынша келісімшартқа отырыпты. Егер маусымды сәтті аяқтаса, Стойчо 2018 жылы да Қызылордада қалады. Бұл туралы Сыр клубының ресми сайты мәлімдеді. Ал биыл Бірінші лигада команданың бас бапкері болған Сұлтан Әбілдаев болгар бапкерінің көмекшісі болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Премьер-лигадан ұшып кеткен «Қайсар» биыл Бірінші лигада топ жарып, қайтадан жоғарғы дивизионның жолдамасын жеңіп алған болатын. Команданы Сұлтан Әбілдаев жаттықтырды. Ал оның көмекшісі Александр Москаленко еді. Қазір Москаленко командада жоқ.

Стойчо Младенов та қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы танылып үлгерді. Биыл маусымның 7-сі күні «Атырауды» қолына алған ол «мұнайшыларды» үздік алтылыққа шығара алмады. Дегенмен, оңай шаруа емес еді. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш-ақ тур қалған. Ақыры ҚФФ қолдаған «Ақтөбеге» жол беріп қойды.

Сонымен қатар, Младенов бас бапкер ретінде ЦСКА клубымен бірге Болгарияның екі дүркін чемпионы атанды. Сауд Арабияның «әл-Ахли» клубына Парсы шығанағының кубогын алып берді. 1991-2001 жылдар аралығында Болгария ұлттық құрамасын жаттықтырды.

Енді «Қайсармен» бірге Стойчо желтоқсан айында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізбек. Бұл жиында болгар маманы алдымен өткен маусымнан ақалған ойыншылардың әлеуеттерін байқап көрмек.

Ал «Байқоңырдың» бас бапкері болып Ерлан Шойтымов бекітілді. Биыл команданы баптаған Қанат Шерімбетов бас бапкердің көмекшісі болып қала береді. Айта кетейік, Шойтымов 2015 жылы «Байқоңырды» жаттықтырып, жап-жақсы нәтижеге қол жеткізген. Соның арқасында биыл «Қайсардың» жаттықтырушылар алқасына енген.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика