Бүгін футзалдан 2016 жылғы Еуропа чемпионаты басталады. Құрлық біріншілігінің финалдық додасына алғаш рет шыққан Қазақстан ұлттық құрамасы Сербия астанасында «С» тобында сынға түседі.
Дайындық ойдағыдай өтті
Футзалдан Қазақстан құрамасы Белградқа жеткен. Дайындықтарын серб жерінде пысықтап жатыр. Көңіл-күйлері жақсы сияқты. Кеше команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовпен тілдесудің сәті түсті. Бірақ, бір өкініштісі, Дәурен Нұрғожин кішігірім жарақатынан толық айығып кетпепті. Тезірек қатарға қосылып кетуін тілейміз.
Айтпақшы, ұлттық құрамамыз Киевке аттанарда құрамдағы екі артық ойыншы елде қалған. «Аят» клубының ойыншылары Тимур Мырзабаев пен Ерсұлтан Сағындықов соңғы тізімге іліккен жоқ. Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау көп ойланып-толғанып, осындай шешімге тоқталыпты.
Ал Киевте Қазақстан футзалшылары Украина құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. 29 қаңтар күні өткен бұл матч 5:5 есебімен тең аяқталды. Ойын басталған бетте, нақтырақ айтқанда, кездесудің 9-минутына дейін біздің футзалшылар төрт гол соғып, қарсыластарын сеңдей соғыстырды. Бұдан кейін қарқындарын бәсеңсітіп, тізгіндерін тартыңқырап, басқа тактикаға көшті. Өйткені құраманың белді ойыншыларын дамылдатып, басқа жігіттерге мүмкіндік беріп, оларды да «қыздырып» алу керек қой.
Ақыры, бұл ойын 5:5 есебімен аяқталды. Украина да Белградта өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Бірақ олар «В» тобында сынға түседі. Сондықтан украиндар Қазақстан құрамасындай айбынды командамен кездесіп, әзірліктерін пысықтап алғандарына – мәз. Ойсырай ұтылып жатып, таразы басын теңестіргендеріне – қуанышты.
Ал бізден Нұрғожин жарақатына байланысты ойынға қатысқан жоқ. Бас бапкер Леоны да тынықтырып алғанды жөн көріпті. Біздің құрама да екінші және үшінші төрттіктердегі жігіттерді шыңдап алғандарына көңілдері толып, осылай екі құрама Белградты бетке алды.
Қарсыластарымыз қақпашы Игитадан сескенеді...
Игита алаңдағы футзалшыларға көмектесіп, алға шыққанда, тура хоккейдегідей, біздің құрама артық құрамда ойнап жатқандай болады. Қарсыластарымыздың шошитыны да осыдан. Ресей құрамасының бас бапкері Сергей Скорович тіпті «Қазақстан классикалық футзал ойнамай, осы спорт түрін құртатын болды» деген мағынада «өкпе-назын» білдіріпті. Қазақтың «сасқан үйрек артымен жүзеді» деген аталы сөзінің кері!
Игитадай талантты қақпашы тауып алса, оған кім «қой» деп отыр?! Одан да футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Әміржан Мұқанов сияқты Игитаның талантын, өзгелерде жоқ қабілетін мойындап, лайықты бағасын бермей ма?!
Ал біз өз футзалшыларымызға сәттілік тілейміз. Әрине, «С» тобындағы қарсыластарының екеуі де – қарымды. Әйтсе де, осы топта бірінші болмаса да, екінші орынға ие болып, ширек финалға шығуларына тілектеспіз. Какау бастаған қайсар қырандарымыздың бақтар жанып, жолдары болса екен дейміз.
Қазақстан құрамасының сапы:
Қақпашылар – 1.Григорий Шамро («Інжу»), 2.Леонардо Де Мело Вийера Лейте «Игита» («Қайрат»);
Алаңдағы ойыншылар – 3.Арнольд Кнауб («Астана-Тұлпар»), 4.Александр Гребонос («Астана-Тұлпар»), 5.Серік Жаманқұлов («Қайрат»), 6.Леонардо Мендонка Да Роса («Қайрат»), 7.Николай Пенгрин («Қайрат»), 8.Дінмұхамбет Сүлейменов («Қайрат»), 9.Александр Довгань («Астана-Тұлпар»), 10.Шыңғыс Есенаманов («Қайрат»), 11.Михаил Першин («Қайрат»), 15.Павел Таку («Астана-Тұлпар»), 18.Дәурен Нұрғожин («Қайрат»), 19.Дуглас Жуниор Да Силва Негрейрос «Дуглас» («Қайрат»).
Бас бапкер – Рикардо Камара Собрал «Какау»