Вернуться к списку статей

Максимович Еуропа чемпионатына баратын болды

Футбол
1K
Неманья Максимович (№ 8) – алдыңғы қатарда, отырғандар арасында. Фото: fss.rs
«Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Неманья Максимович Сербия жастар құрамасы сапында 2017 жылы Польшада өтетін Еуропа чемпионаты жолдамасын жеңіп алды.

2017 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының қосымша екі жолдамасының біріне таласқан Сербия таланттары кеше түнде мақсаттарына жетті. Драмменде өткен қарымта кездесуде Норвегия жастарынан ұтылып қалса да, құрлық біріншілігінің финалдық додасына баратын болды.

Өйткені, Неманья Максимовичтің отандастары һәм командалас серіктері түзде бір доп айырмасымен ғана ұтылды (0:1). Ал Белградта өткен бірінші ойында 2:0 есебімен басым түскен болатын. Сонда, жалпы есеп – 2:1.

Максимович Драмменде өткен ойында да алаңға негізгі құрамда шығып, 90 минут бойы ойнап шықты. Жалғыз голды 70-минутта Норвегия жастар құрамасының шабуылшысы Мохамед Эльюнусси соқты.

Сонымен, Еуропа чемпионатына Сербия мен Испания да баратын болды. Испанияның жас таланттары Австрия бозбалаларымен кездесіп, екі рет тең түсті – 1:1 және 0:0. Түзде гол соққандарының арқасында олар да Польшада өтетін құрлық біріншілігінде бақ сынайтын болды.

Қосарымыз, Сербиямен қосымша жолдаманың біріне таласқан Норвегия жастары топтық кезеңде Қазақстан қырандарымен бір топта ойнаған болатын. Өз алаңдарында 2:1 есебімен ұтып, Ақтөбеде 3:0 есебімен тақырға отырғызып кеткен...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика