Вернуться к списку статей

Талғат Байсуфинов ұлттық құрамамыздың ойынын түлете алды ма?

Футбол
2K
Талғат Байсуфинов бас бапкерлік міндетті атқарып шыға алды ма?
Қазақстан ұлттық құрамасының 2016 жылғы ойындарын қорытындылауды жалғастырамыз. Бұл жолы бас бапкер Талғат Байсуфиновке тоқталамыз.

Байсуфинов жанкүйер таңдаған бапкер ме?

Байсуфиновтың ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалуының өзі бөлек бір әңгіме. Өткен жылдың желтоқсанында жалақысын көтере алмаймыз деп Юрий Красножанды еліне қайтардық. Одан кейін Қазақстан футбол федерациясының экс-президенті эврика ашып, бас жаттықтырушыны жанкүйерлерге анықтауға мүмкіндік берді. Сайтта дауыс беру арқылы анықтамақ болды. Бірақ, күллі әлемге күлкі боларын ол кезде Ерлан Тоқтарханұлы қайдан білсін?! Дауыс берген ешкім жоқ, құптаған адам да аз. Қаңтар айының соңына дейін бас бапкер белгіленеді деген, ақпан өтіп, наурыз басталды. Алдын ала бекітіліп қойған жолдастық кездесулердің де уақыты жақындап қалды. Ақыры Қожағапанов мырза тоқетерін өзі айтып, Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов бастаған отандық мамандар бастап баратын болды. Ол жақта алдымен Мақсат Байжанов соққан голдың арқасында Әзірбайжанды жеңдік. Араға үш күн салып, Тбилисиде Грузиямен тең түстік.

Шынын айтқанда, осы ойындар арқылы-ақ Талғат Маруанұлы ұлттық құраманы жаттықтыра алатын маман сияқты көрінді. Расымен де, дәл қазіргі жағдайда Байсуфиновтен басқа ешкім де керек емес еді. Оның үстіне, ҚФФ ұсынған жалақыға әлемде жақсы жаттықтырушы табу мүмкін емес-тін. Әйтпесе, италиялық Дженнаро Гаттузо, португалиялық Жозе Коусейру, болгариялық Христо Стойчков сынды бір кездері жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жұлдызды ойыншылардың төңірегінде сыбыстар көп болды. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты бірде-біреуімен келісімшартқа отыра алмадық. Ал Байсуфинов туралы мамандардың пікірлері оңды еді, футболшылар да оны хош көрді, жанкүйерлердің де көңілдеріне жақты. Бір сөзбен айтқанда, Байсуфинов ұлттық құраманы жаттықтыруға керемет мүмкіндік алды. Бірақ көп күттіріп, ҚФФ президенті «қаңтардың 176-сы»  күні, ұлттық құрамамыз Дяланға барып, Қытайды тізерлетіп қайтқаннан кейін, яғни маусым айының екінші жартысында Байсуфиновті ақыры бас бапкерлікке бекітті.

Талғат Байсуфиновтің жетекшілігімен өткен ойындар

Қарсылас

Есеп

Гол

Матч статусы

1

Әзірбайжан

1–0

М. Байжанов

ЖК

2

Грузия

1–1

А. Нұрғалиев

ЖК

3

Қытай

1–0

А. Нұрғалиев

ЖК

4

Қырғызстан

0–2

-

ЖК

5

Польша

2–2

С. Хижниченко-2

ӘЧ ІТ

6

Қаратау

0–5

-

ӘЧ ІТ

7

Румыния

0–0

-

ӘЧ ІТ

8

Дания

1–4

Г. Сүйімбаев

ӘЧ ІТ

Байсуфинов бас бапкер ретінде не бітірді?

Дегенмен, Талғат Маруанұлының ұлттық құрама бас бапкері ретіндегі бастамасы сәтті бола қоймады. Бішкекке барып, күтпеген жерден қырғыздардан ұтылдық. Абырой болғанда бұл ойынды ФИФА есепке алған жоқ. Әйтпесе, халықаралық рейтингімізге әжептеуір әсер етер еді. Сосын 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталды. Өз алаңымызда Польшадан 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіріп кеттік. Кейін Қаратауда 0:5 есебімен ойсырай жеңілдік. Артынша «Астана-Аренада» румындармен тең түстік. Ал соңғы ойынды Копенгагенде өткізіп, 2016 жылды 1:4 есебімен түйіндедік.

Қарап тұрсаңыз, Талғат Байсуфинов бас бапкер кезіндегіден гөрі міндетін атқарушы уағында сәттірек нәтижелерге қол жектізген екен. Рас, ол кезде Польша, Дания, Румыния сынды құрамалармен ойнаған жоқпыз. Бірақ, Қытай мен Грузия да әлемдегі әлсіздердің қатарынан емес қой. Сіздердің қалай ойлайтындарыңыз қайдам, футболды маман ретінде емес, жанкүйер ретінде тамашалайтын мен үшін ұлттық құрамамыздың жыл басындағы ойынында бір әр бар сияқты көрінетін.

Ұлттық құрамада қазақтар көбейді

Бұрын ұлттық құраманың ойындарынан қаракөздеріміз былай тұрсын, таза қазақстандық ойыншыларды таппай қиналатынбыз. Талғат Маруанұлы сырттан ешкімді іздемеді. Тек қорғаушы Сергей Малый ғана Украиныкі, қалған 26 ойыншы өз жерімізде туып-өскен жігіттер. Ал олардың 14-і қазақ футболшылары. Бұл да болса, мақтанып айтарлық көрсеткіш.

Байсуфиновтың құрамасы қай минуттарда гол жіберіп жүр

0-15 мин

15-30 мин

30-45 мин

45-60 мин

60-75 мин

75-90 мин

2

1

3

1

2

3

Байсуфинов қызметінде қала ма?

Дәл қазір ұлттық құрамамыздың бас бапкерлік қызметі қызу талқылануда. Тіпті, бас командамызды жаңа жылдан бастап шетелдік маман жаттықтырады деген де сыбыстар көп. Естеріңізге сала кетейік, Талғат Байсуфиновпен әу баста 1+1 жүйесі бойынша келісімшарт жасасқан. Соған қарағанда келісімшарт бұдан әріге созылмайтын секілді.

Жалпы, Байсуфиновтың жаттықтыруымен ұлттық құрамамыз 8 ойын өткізген екен. Екі матчта жеңіске жетсек, үшеуінде тең түсіп, тағы үшеуінде ұтылғанбыз. Жалпы доп айырмашылығы – 6:14.

Дегенмен, ФИФА рейтингідегі жағдайымыз біраз түзелді. 131-ші сатыдан 83-ші орынға дейін көтерілді. Қазір 90-орындамыз. Бірақ, Даниямен болған матчтан кейін тағы төмен сырғыуымыз мүмкін.

Енді Талғат Маруанұлы ұлттық құрамада қала ма, жоқ па, оны тап қазір айту қиын. Алайда, үлкен жауапкершіліктен қорықпай, команданы алға жетелей білгені үшін алғыс айтуымыз керек шығар.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика