Сербия таланттарына 2017 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатына бару үшін түзде Норвегия құрамасынан ойсырай ұтылмауы керек. Қосымша екі жолдаманың бірін Норвегия жастарымен сарапқа салып жатқан Максимовичтің отандастары бірінші ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл ойын жұмадан сенбіге ауған түні Белградта өтті. Сербия жастары 2:0 есебімен басым түсіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Өйткені олар Максимович бастаған жас таланттарының «Драмменде үш доп айырмасымен ұтылмайды» деп үміттенеді.
Осы ретте айта кетейік, Сербия жастары іріктеу ойындары сатысында 2-топта бақ сынап, Италия таланттарынан бір ұпай ғана кем жинаған болатын. Сөйтіп, өз тобында екінші орынды қанағат тұтып, Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала амай қалған-ды.
Есесіне, тоғыз топтағы екінші орынға ие болған командалардың ішіндегі төрт үздігі ретінде (техникалық көрсеткіштері бойынша), қосымша екі жолдаманың біріне таласып жатыр. Әрі көңіл-күйлері – көтеріңкі, мүмкіндіктері – жоғары.
Неманья Белградта өткен бірінші ойында алаңға негізгі құрамда шығып, бастан-аяқ ойнап шықты. 79-минутта ескерту алып қалды. Осы ойыннан кейін де Максимовичтің биылғы маусым аралығында Еуропаға кетуі мүмкін екендігі жазыла бастады. Енді Франция клубтарының бірі «құда түсіп» отырған көрінеді-мыс...
Максимович «Астана» клубында 2015 жылдың ақпан айынан бері ойнайды. Оның келісімшартының мерзімі – 2017 жылдың маусым айына дейін. Максимович Еуропаға барса да, қайсыбір елдердің төл чемпионаттарындағы көш соңындағы командаларға емес, азулы клубтардың біріне ауысатын шығар. Өйткені ол «Астана» сапында Чемпиондар лигасында, одан қалса Еуропа лигасында ойнап жүр.
Ал 2017 жылғы Еуропа чемионатына келер болсақ, финалдық додаға шыққан 10 құрама белгілі. Олардың бірі – чемпионат қожайындары Польша, содан кейін іріктеу ойындары сатысындағы тоғыз топтың жеңімпаздары – Чехия, Италия, Македония, Португалия, Дания, Швеция, Германия, Словакия, Англия.
Ал соңғы екі жолдамаға таласып жатқандар:
Сербия – Норвегия – 2:0
Австрия – Испания – 1:1
Бұл екі жұптағы қарымта матчтар ертең Драммен мен Альбасетеде өтеді.