Вернуться к списку статей

"Тараз" немесе "Алтай" – Премьер-лигаға қайсысы лайық?

Футбол
2K
Бүгін елордамыздың «Астана-Арена» стадионында «Тараз» бен «Алтай» кездеседі. Қай жеңгені келесі жылы Премьер-лигада ойнауға құқық алады. Ендеше електік кездесуде қай команданың бағы жанып, қайсысы қайғыға малынатыны жайлы сараптап көрелік.

Әлсіз және кем тұстары

«Тараз» соңғы жылдары ел чемпионатында ала-құла ойнап жүр. 2013 жылы 10-орыннан көрініп, «Востоктан» бір-ақ ұпай артық жинады. 2014 жылы електік ойында Шымкенттің «Қыранын» пенальтиден» әзер жеңіп, Премьер-лигадағы орындарын сақтап қалған. Былтыр тек соңғы турларда ғана ұпай жинай бастап, 9-орыннан көрінді. Ал биыл ел чемпионатындағы 32 кездесудің 10-ында ғана жеңіске жетіп, тағы да 11-орында қалып қойды. Осы маусымдағы ең көп жеңілгендердің бірі және ең аз гол соққандардың қатарында. Осыдан кейін «Жамбыл облысына Премьер-лига қажет пе?» деген заңды сұрақты туындайтыны да рас. «Бүйтіп өздерін қинағанша, орындарын алдарына өр мақсат қоя білетін командаға босата салмай ма?», - дегің келеді. Күйінгеннен осылай дейсің. Есесіне «Тараздың» жергілікті түлектері мықты, сенегалдық шабуылшысы Малик Мане болса, сұрмергендер тізімінде төртінші орында тұр.


"Тараз" футболшыларының матч қарсаңындағы жаттығуы

Ал «Алтай» ше? Биыл ғана құрылып, бірден Бірінші лиганың «күмісін» жеңіп алды. «Қайсармен» бірге біріншіліктің ең көп гол соққан командасы атанды. Құрамында Андрей Карпович, Денис Колодин, Пламен Димов сынды Премьер-лига клубтарының өзі қызығатын футболшылар бар. Алайда, шыны керек, «Алтай» да биыл аз сүрінген жоқ. Болмашы командаларға ұпай ұстатып қойып жатты. Жетісайдың «Мақтаралына» тіпті екі рет ұтылды. Біздіңше жоғары мақсаттарды көздеген команда мұндайға жол бермеу қажет.

Сондықтан, былай қарап тұрсаң, екі команданың да әлсіз тұстары аз емес. Ал букмекерлер «Тараздың» жеңісіне сенімді. Олардың жеңісіне 1,72 коэфициентпен бәс қабылданып жатса, шығыстықтар жеңеді дегеннің бәсі 6 коэфициентке жетеқабыл.


"Алтай" ойыншыларының матч қарсаңындағы жаттығуы

Регламентке шағымданудың жөні бар ма?

Регламенттің осал тұстарын тізіп шыққан әріптестеріміз ғаламтор бетін әртүрлі мақалаларға толтырып тастады. Сөздерінің жаны бар. Ереже бойынша «Тараз» алаңға алты легионерін шығаруға құқылы. Ал «Алтай» бар болғаны үш-ақ легионеріне үміт арта алады. Сондай-ақ, бұдан бөлек, шығыстықтар алаңға үш жас футболшысын ойынға қосуға міндетті. Әлбетте, әділетсіздік! Бірақ, ереже солай, оған мойынсұнуың қажет. Яғни, қарап тұрсаң, Кәсіпқой футбол лигасының атқамінерлері бар жағдайды Премьер-лига клубы үшін жасап қойғандай. «Алтай» жағы осы мәселені көтеріп, шағымдануда. Дегенмен, Регламенттегі бұл ереже кеше ғана қабылданған жоқ қой. Жыл басында бекітіліп, онымен Премьер-лиганың да, Бірінші лиганың да барлық клубтары келісті, құжатқа қолдарын қойды. Енді неге тақалғанда әңгіме етіп жүр? «Келіспейтін болса, маусымның басында бас көтермеді ме?», - дегің келеді де, біздегі Лига кеңесінің қалай өтетіндігін біліп, кім не деп қарсы шықса да, бәрібір бір адамның айтқаны болатынын ескеріп, «алтайлықтарды» да түсінесің. Шынында да Ерлан Қожағапановтың заңсыз қатысуымен өткен мамырдағы Лига кеңесі әлі де көз алдымызда.

Иә, қайткен күнде де маусым соңында, ойын тақалғанда Регламенттің әлгі ережесіне енді өзгеріс енбейді. Дегенмен, бұл жайт келесі жылға сабақ болуы тиіс. Маусым басталмай тұрып-ақ командалар мұндай мәселелерді бүге-шігесіне дейін шешіп алып, «апам да риза, мен де мәз» дейтіндей бір мәмілеге келу керек. Әйтпесе, ел кубогының ойынында болсын, електік кездесуде болсын, «Премьер-лига» клубы да Бірінші лига командасы секілді үш легионерін ғана алаңға шығарсын дейтіндей әңгіме болмайды. Мысалға Испанияда «Реал» Сегунданың бір командасымен кездесер болса, Роналду, Бэйл, Бензема сынды марғасқаларын адып тастамайды ғой.

Неде болса, келесі маусымға дейін әлі уақыт бар. Әзірге «Тараз» бен «Алтайдың» айқасын күтейік. Осы кезге дейін тек бір-ақ рет Премьер-лига клубы електік ойында Бірінші лига командасына жол беріпті. Иә, 2013 жылы Өскеменнің «Востогы» тура мағынасында Семейдің «Спартагына» жол берген болатын. Ал «Алтай» «Тараздан» шын мықтылығын дәлелдесе, онда олардың расымен де жарағаны. Бәрекелді деп бәріміз қол соғамыз. Алдына өр мақсаттар қоя білген команда Регламенттегі ережелердің шолақтығына шағымданбауы тиіс.

Ойын бүгін, яғни қарашаның 5-і күні «Астана-Арена» стадионында сағат 14:00-де басталады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика