– Бірінші ретте жанкүйерлерді, Станимир Стойлов бастаған бапкерлер алқасын, футболшыларды және клуб әкімшілігін чемпиондықтарымен құттықтағым келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз! Команда Қазақстандағы ең мықты клуб екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Егер чемпиондықтың тағдырын соңғы турға қалдырғанда жігіттерге психологиялық тұрғыда ауыр болар еді. Ал енді маусымның негізгі мақсаты орындалды. Енді бар күшті Еуропа лигасы мен Қазақстан кубогына саламыз, - деді Саян Жақсыгелдіұлы.
– Үш чемпиондықтың қайсысы «дәмдірек»? Бәлкім, бірінші маусымдағы жеңіс жарқынырақ болған шығар?
– Қай чемпиондық жақынырақ немесе жарқынырақ деген сұрақ «қай балаңды көбірек жақсы көресің?» дегенге ұқсайды екен. Мен үшін барлығы да бірдей жақын. Әрқайсысы үшін біз орасан күш жұмсап, ерен еңбек еттік. Әр маусымда жеңіс қан мен тер арқылы келіп отырды.
– Енді алда соңғы тур. Павлодардың «Ертісімен» кездесеміз. «Астана» бұл ойынға қосалқы құрамын шығаруы мүмкін бе?
– Әлбетте, біз чемпион атанып қойдық. Бірақ, соған қарамастан алаңда екі қолды қалтаға салып, шалқайып жүргіміз келмейді. Бұл кездесуде «қола» жүлденің де тағдыры шешілмек. Сондықтан, «Ертіс» те барын сала ойнайды. Біз де қарап қалмаймыз. Дегенмен, шыны керек, бір жағынан соңғы үш ай бойы «Астана» футболшылары өте ауыр кесте бойынша ойнап келеді. Келесі бейсенбі бізді Еуропа лигасының аясындағы Грекияның «Олимпиакосына» қарсы матч күтіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бапкерлер алқасы футболшылардың күштерін есептеп, дұрыс шешім қабылдай білулері қажет. Өкінішке қарай, бірқатар ойыншыларымыз жарақат алып қалды. Яғни, құрамды сапырылыстыруға мүмкіндік аз. Алайда, резервтегі жігіттер де өздерін көрсету үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасап, алаңға шыққан жағдайда «Ертісті» жеңуге тырысады.
– Келесі маусымда Қазақстан футболының жаңа рекордын орнатып, қатарынан төртінші мәрте ел чемпионы атанатын мүмкіндік бар ма?
– Алдымен осы маусымды соңына дейін аяқтап, жеңісімізден кішкене ләззат алып алайықшы. Келесі маусым туралы айтуға әлі ерте шығар. Бәрі де әп-сәтте өзгеріп кетуі ғажап емес. Дегенмен, елордалық футболға, жалпы клубқа Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы мен Шөкеев Өмірзақ Естайұлының зор көңіл бөліп жатқанын ескерсек, клуб келесі маусымда да алдына ең жоғарғы мақсаттар қояды.