Вернуться к списку статей

Астана футболының энциклопедиясы (А – Г)

Футбол
1K
Фото novosti.rs сайтынан алынды
Астана футболының тарихына көз жүгіртіп, оның қысқа ғана «энциклопедиясын» жасауды жөн көрдік. Бүгін бірінші ғана бөлігін беріп отырмыз. Өйткені бәрін бірден салсақ, тым ұзақ болып кетеді. Ат салысып, өз ойларыңызды қосып тұрсаңыздар, қуанамыз.

А

"Астана" футбол клубы.

"Астана" – қазақ футболы тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан команда.

Ә

Әлем чемпионы.

Неманья Максимович (26.01.1995). Бүгінгі таңда Астана футболындағы, жалпы Қазақстан чемпионатындағы – жалғыз әлем чемпионы, Сербияның жас жұлдызы.

Рас, бірақ 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы. 2015 жылы маусы айында Жаңа Зеландияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Сербияның жас таланттары топ жарды. Осы құраманың капитаны Неманья Максимович маңызды ойындарда ерекше көзге түсті. Айтпақшы, ол 2013 жылы Сербия – U19 құрамасымен Еуропа чемпионы да болған.

Б

«Бәйтерек» клубы.

Футболдан Қазақстан чемпионатының І-лигасында ойнайды. 2012 жылы ҚР спорт және дене шынықтыру агенттігінің шешімімен құрылған. «Оле Бразил» футбол академиясында дәріс алып келген жас футболшыларды жетілдіре түсу мақсатында жүзеге асырылып отырған мемлекеттік жоба. Бүгінгі таңда Бразилиядан аяқдоп өнерінің қыр-сырына қанығып келген ойыншылары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамаларының сапында ойнайды. Әу баста «Бәйтерек» Қазақстан U-19 құрамасының негізін қалайтын команда болады деп те айтылған.

В

Веб-сайт.

Астана футбол федерациясының жаңа веб-сайты – sportsffa.kz. Бұл сайт Астана футболының тыныс-тірлігімен қатар отандық футбол жайлы сараптамалық мақалаларға көңіл бөледі. Ең бастысы, тек қазақ футболы мен отандық доп додаларын насихаттайтын болады.

Г

Грицаев Сергей (10.05.1961 – 18.05.1996).

Қазақстан чемпионатында алғаш рет бір ойында бес гол соққан (квинта немесе пента-трик жасаған) ойыншы.

Егемен Қазақстанның І-інші чемпионатында, яғни 1992 жылы 1 маусым күні, «Целинник» және «Уралец» командалары арасындағы Целиноградта өткен матчта бес гол соққан. Бұл ойында алаң иелері 6:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

1996 жылы Грицаев Көкшетаудың «Көкше» клубының намысын қорғап жүріп, көз жұмды. Дәлірек айтқанда, жүрегі тоқтап қалды...

(Жалғасы келесі аптада)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика