Вернуться к списку статей

“Қайрат” ашуын “Астанадан” алады...

Футбол
2K
«Қайрат» – «Астана» – 2:0. Фото: pflk.kz
«Астана» Қазақстан премьер-лигасындағы ХХХ турда «Қайраттан» ұтылып, чемпиондық атағына бүгін тойлай алмады...

Маусым басында аутсайдерлерден ұтылып, біраз ұпайын ысырап қылған «Қайрат» жыл соңында қамшыны басты. Бірақ Еуропа лигасында екінші белестен де өте алмай қалып, “қылышын” тасқа ұрған. Енді бар күш-жігерін ел чемпионатына жұмсап, бар ашуын «Астанадан» алып жүр...

Биыл елорда клубымен ел чемпионаты аясында төрт рет кездесіп, үш рет жеңді. Қазақстан премьер-лигасының екінші кезеңіндегі қос кездесуде де басым түсті. Бүгін 2:0 есебімен жеңді.

«Астана» бас бапкері айтқандай жол соғып, шаршап жүр ме, әлде «Қайратқа» шынымен де шамасы жетпей жүр ме, әйтеуір екінші рет қатарынан жанкүйерлерін жасытты... Ойыншылары шиыршық атып тұрған жоқ. Қимылдары – сылбыр, ойындары – “солғын”.

«Қайрат» бүгін Алатау бөктерінде өткен ойынның бірінші таймында екі гол соқты. Екінші таймның басында «Астана» қарқынын үдетіп, қыспаққа алаған. Бірақ теңбіл доп «Қайраттың» қақпасына кірмей-ақ қойды. Ғафуржан Сүйімбаевтың бір өзі екі-үш рет қақпаға еніп бара жатқандай болған доптарды “алып” шықты...

«Астана» тіпті пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ оны орындайтын футболшы табылмады. Содан ойынға екінші таймда ғана қосылған Деспотвич теуіп көріп еді, ол Покатиловтан айласын асыра алмай, пұшайман болды.

Айтпақшы, Жерар Гоу да бұл ойында гол соға алмай, діңкесі құрыды. Қақпашымен бетпе-бет те шықты, жеке-дара жалғыз да қалды. Тіпті пенальти  де орындады. Бірақ бәрібір гол соға алмай, жасыл алаңда тепсінумен болды.

Жалпы, «Қайрат» саф алтыннан үмітін әлде де үзбейтін сияқты. Бірақ сол үміт сәулесі тым көмескі секілді. Енді тек Еуропа лигасын көп ойлайтын «Астананы» үйде де, түзде де ұтып, ел чемпионын жеңгенін көңілге медеу тұтады.

Бірақ «Қайрат» биыл «Астананы» қанша ұтса да, «Ордабасы» командасын бірде-бір рет ұта алмай, төрт рет тауы шағылды. Азуы батпай-ақ қойды. Екінші жыл қатарынан ауадай қажет ұпайларын басты бәсекелесімен өткен ойындарда емес, басқа матчтарда жоғалтып жүр...

«Қайрат» – «Астана» – 2:0

Голдар: Арсо, 29. Қуат, 35.

Пенальти соға алмағандар: Деспотович, 60. Гоу, 90+4.

Ескертулер: Қуат, 13. Маркович, 58 – Тағыберген, 22, Нұрғалиев, 25. Малый, 72.

«Қайрат»: Покатилов, Лунин, Маркович (Рудосельский, 68), Арсо, Сүйімбаев, Тимощук, Қуат (Бакаев, 70), Исаэль, Аршавин (Вороговский, 90), Исламхан, Гоу.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков (Твумаси, 74), Логвиненко, Малый, Аничич, Шомко, Каньяс, Тағыберген, Мұжықов (Нөсербаев, 78), Нұрғалиев (Деспотович, 46), Кабананга. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика