Департамент басшылары ауысты
Қазақстан футбол федерациясында екі бірдей департаменттің басшысы ауысты. Соның бірінде, Төрешілер мен инспекторлар департаментіне Юрий Ярышев басшы болып бекітілген. Ол бұған дейін осы департаментте директордың орынбасары болатын.
Енді осы департаментте орынбасарлық қызметті Эдіген Юмашев атқаратын болыпты. Ал бұрынғы басшысы Акмалхан Холматов бас маман қызметіне ауыстырылған.
Сондай-ақ Балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футбол департаментінің де басшысы өзгерген. Нақтырақ айтсақ, мұнда басы мен орынбасар орындарымен (қызметтерімен) ауысқан. Бұрынғы басшы Болат Есмағамбетов орынбасар болып, бұған дейін оның орынбасары міндетін атқарып келген Сергей Кенетаев жаңа директор болып бекітілген.
Маңызды ойынның бас төрешісі ауыстырылды
Екі бірдей департаментте басшылар ауысқан күні (тіпті шахмат тілімен айтқанда, “рокировка” жасалғанда) премьер-лигадағы ең маңызды ойынның бас төрешісі өзгертілді.
Нақтырақ айтқанда, ХХХ турдағы «Ордабасы» – «Ертіс» кездесуінің бас төрешісі ауысты. Бұған дейін бұл ойынға қазылық ету Болат Кәрлібаевқа (Орал) жүктелген еді. Енді Шымкенттегі қола жүлденің тағдыры шешіліп қалуы тиіс жауапты матчқа Артём Кучин (Қарағанды) қазылық ететін болыпты.
Әрі бұл ойындағы төрешілер құрамын өзгерту мұнымен шектелмеген. Осы матчқа инспектор болып бекітілген Александр Кулаковты (Алматы) Бағдат Түсеев (Астана) алмастыратын болыпты.
Ал жоғарыдпа аталған Болат Кәрлібаев енді Артём Кучиннің орнына «Қайрат» – «Астана» кездесуіне қосымша көмекші болады екен.
Сонда қалай, біз тізіп шыққан қазылар ауысымының Қазақстан футбол федерациясындағы Төрешілер мен инспекторлар департаменті басшысының өзгеріуіне қатысты болғаны ма?!
ҚФФ өзгерістері Бас хатшыдан басталды ма?
Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын, дәлірек айтқанда, 21 қыркүйек күні Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты Бас хатшыларының ауысып, лауазымды қызметке Қаныш Әубәкіровтің тағайындалғанын жариялаған. Әрі Қаныш Қайдарұлына бірінші вице-президент қызметінің де жүктелгені мәлімденген болатын.
Кім біледі, бәлкім, кешегі өзгерістердің бәрі осы Бас хатшының ауысуынан кейін жүзеге асып жатқан нақты жұмыстар мен шаралардың нәтижесі де болып қалар...
Қалай десек те, ХХХ турдағы маңызды кездесудің бас төрешісінің ауысуы ойлантады. Қазақстан футбол федерациясында кадрлар ауысымы “тықыр” таянғандығын білдіре ме, әлде мұның бәрі қандай да бір шара қолданудың нышаны ғана ма?! Әзірше дөп басып айту қиын. Десек те, “сең” қозғалғандай сияқты ма?..